Алматы облысының Ұйғыр ауданында бірнеше тұрғын рұқсат етілмеген жиын өткізген. Жиын барысында олар туды және шетелдік басшының суретін өртеген, деп жазады qandastar.kz
Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жиналған материалдар сотқа жолданып, 12 қатысушы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы (шағын бұзақылық) бойынша кінәлі деп танылды. Олардың әрқайсысына 15 тәулікке дейін әкімшілік қамақ тағайындалды. Сонымен қатар, шараға қатысқан алты адамға 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Полиция бұл оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің «Ұлтаралық араздықты қоздыру» бабымен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Департамент мемлекеттік рәміздерге құрметсіздік көрсету, сондай-ақ ұлтаралық немесе әлеуметтік араздықты туғызуға бағытталған кез келген әрекет заңға қатаң қайшы келетінін және мұндай жағдайлар дереу тоқтатылатынын ескертті.



