Әлем жаңалықтарыЖаңалықтарСараптамаСаясат

Тоқаевтың АҚШ-қа сапары қандай нәтижеге бастайды?

Қараша мен қаңтар Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығарды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вашингтондағы Дональд Трамппен кездесуі елдің халықаралық аренадағы рөлін айқын көрсетті, ал Астана мен Вашингтон 17 миллиард доллар көлеміндегі стратегиялық келісімдерге қол қойды. Саммиттің өңірге жалпы экономикалық әсері шамамен 53 миллиард доллар деп бағаланып отыр, деп жазады qandastar.kz

Сарапшылардың пікірінше, мұның астарында тек экономикалық нәтиже емес, саяси астар бар.

Орталық Азиядағы инвестициялық бәсеке

Экономист Айбар Олжаевтың пікірінше, сапар Вашингтонның Орталық Азияға қызығушылығының артып келе жатқанын аңғартты. Қазақстан мен АҚШ арасындағы диалог өңірлік тұрақтылықты нығайтуға, экономикалық әріптестікті дамытуға бағытталған маңызды қадам болып отыр.

– Қазақстанның Авраам келісіміне қосылуы елдің инвестициялық рейтингін келесі жылға дейін тағы бір сатыға көтеруі мүмкін. Оған қоса елімізде АҚШ-тың стратегиялық активтері Қытаймен пропорционалды молайып жатқандықтан, ірі державалар Қазақстандағы тұрақтылыққа өздері мүдделі болады. Бұл – инвесторларға өте жақсы сигнал, – дейді қаржы сарапшысы.

«A+Analytics» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Фархад Қасеновтың ойынша, Орталық Азия тек АҚШ-тың мұнай-газ саласындағы инвестициялары үшін ғана емес, сонымен бірге өндірістік технологиялар үшін де бәсекеге түспек.

– Кен орындарындағы өндірістің күрделенуі, шикізатты барлау жұмыстарының қиындауы болашақтағы экономикалық нәтижеге әсер етуі мүмкін. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары АҚШ-тың мұнай компаниялары Қазақстан нарығына енген сәтте оларда посткеңестік елдерде жоқ мұнай өндіру, өңдеу мен барлау технологиялары болды. Соның арқасында Қазақстан өндіріс қуатын арттырып, мұнай-газ саласында жетекші орынға шықты. Сондықтан АҚШ-пен энергетикалық жобалардың  артуы біз үшін тиімді, – деп атап өтті ол.

Орталық Азияға АҚШ-тың қызығушылығы стратегиялық мақсаттармен де байланысты екенін ұмытпау керек.

– АҚШ Қытайдың сирек кездесетін металдарға тәуелділігін азайтып, нарықтағы үстемдігін төмендеткісі келеді. Сол себепті олар баламалы көздерді белсенді іздеуде. Орталық Азия осы ресурстарды бірлесіп игеру мүмкіндігін ұсынды. Инвестициялық мүмкіндіктер де маңызды: АҚШ-тың ірі бизнесі, жасанды интеллект пен цифрландыру саласындағы компаниялар Орталық Азия елдерінде жаңа нарықтар мен қосымша мүмкіндіктерді көріп отыр, – деді саяси талдаушы Жұмабек Сарабек.

Қауіпсіздік пен геоэкономикадағы стратегиялық бастамалар

Экономикалық байланыстар мен халықаралық инвестициялардан бөлек, Қазақстан қауіпсіздік пен аймақтық тұрақтылықты басты назарда ұстап отыр.

Саясаттанушы Жанат Момынқұловтың ойынша, Қазақстан Президенті Қауіпсіздік Кеңесін тиімді етуге басымдық беруде.

– Тұрақты даму, климаттың өзгеруі және бейбітшілік тақырыптары Тоқаевтың халықаралық мінбердегі үндеуіне тұздық болды. Алматыдағы Ауғанстан өңірлік хабы Қазақстанның осы бағыттағы бастамашыл рөлін тағы бір мәрте көрсетеді. Қазақстан осы мүмкіндікті пайдаланып, өзін Еуразиядағы дәнекер мемлекет ретінде көрсетуге, сонымен бірге модернизация мен көпвекторлы сыртқы саясатты қолдайтын нақты келісімдерге қол жеткізуге ұмтылатынын байқатады, – дейді сарапшы.

Ол Орталық Азиядағы өңірлік тұрақтылық, Ауғанстандағы жағдай, терроризмге қарсы іс-қимыл, аймақтық қақтығыстардың әсерлерін де басты тақырыптар қатарына жатқызады.

– Қазақстанның бейбіт саясаты мен ядролық қарусыздану тәжірибесі назарда. АҚШ-ты Қазақстанның Ресей мен Қытай арасындағы арақатынасы, сенімді транзит пен жеткізу тізбектерін қамтамасыз ету мүмкіндіктері қызықтырады, – дейді ол.

Сарапшылар сондай-ақ Орта дәліздің маңызына баса мән береді. Олардың айтуынша, ол – тек экономикалық жоба емес, Қазақстан мен АҚШ арасындағы сенімді серіктестікті күшейтетін, Еуразиядағы тұрақтылық пен өзара тиімді ынтымақтастықты қамтамасыз ететін стратегиялық көпір.

P.S. Оcылайша, Орталық Азия АҚШ үшін стратегиялық серіктес ретінде өз орнын нықтап отыр. Мұны Вашингтондағы саммиттің нәтижелері айқын көрсетті. Президент сапары барысында 29 екіжақты құжатқа қол қойылды. Олардың қатарында «Боинг» әуе кемелерін сатып алу, әлемдегі ең ірі вольфрам кен орнын дамыту және ауыл шаруашылық техникаларын жеткізу жобалары бар. Сонымен қатар өңірлік медициналық хабқа айналуы жоспарланған клиниканы бірлесіп құру, жасанды интеллект пен байланыс саласындағы жобаларға келісімдер жасау да көзделген.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button