
Әлеуметтік желілерде Көкшетау әкімі Әнуар Күмпекеевтің сырт киімі назарға ілікті, деп хабарлайды qandastar.kz.
Threads желісінің бір қолданушысы әкімнің бейнежазбаларындағы күртенің маркасын анықтап, оның бағасын жариялағаннан кейін, бұл тақырып көпшіліктің талқысына түсті.
Желі қолданушысы әкімнің үстіндегі сырт киімнің атақты брендке тиесілі екенін айтып, шамамен €1710 тұратынын (қазақстандық валютада — 1 миллион теңгеден асады) хабарлаған.

Күмпекеевтің дәл осы күртені жиі киетіні оның ресми аккаунттарындағы видеолардан да байқалады.
Бірақ бұл ақпарат күткендей дау тудырған жоқ. Керісінше, пікір білдірушілердің көбі әкімді жақтап, киімнің бағасын емес, оның қызметтегі нәтижесін сөз етті.
Пікірлер арасында былай деген ойлар басым болды: «Адамды киіміне қарап бағалау дұрыс емес. Оның жұмысына қарау керек”, «Қалада өзгеріс бар. Әкім өз міндетін жақсы атқарып жүр, сондықтан оның жеке стиліне тиісудің қажеті жоқ», «Күмпекеев әкім болмас бұрын да жақсы табыс тапқан. Мұндай киімді алу үшін жалақысы жеткілікті болған», «Қала тұрғындарының әкімін қорғауы — халықтың оған сенетінін көрсетеді».
Осылайша, әлеуметтік желідегі жазба таластарға емес, тұрғындардың әкімге деген қолдауына себеп болды.



