Белгілі абайтанушы Омар Жәлел бүгінгі той мәдениетіне қатысты өткір пікір білдірді, деп хабарлады qandastar.kz. Оның айтуынша, қазір көптеген асабалар қонақтарды өзіне толықтай бағындыру үшін «автократиялық, тоталитарлық» тәсілдерді қолданады.
Ол өткен ғасырдағы қарапайым, палаткада өтетін тойларды мысалға келтіріп, бұрынғы шаралардың мәні мен мазмұны әлдеқайда терең болғанын айтады.
«20-ғасырда палаткада өтетін тойлар өте мағыналы еді. Қонақтар тойдан тек қарны тойып емес, көңілі көтеріліп қайтатын. Ол — халықтың тойы болатын. Әнші шақырылмайды, арнайы асаба болмайды. Тойды ауылдың бір жігіті-ақ жүргізе салатын. Халық еркін ән айтып, ішіндегі шерін тарқатып, демалып қайтатын», — деді ол.
Абайтанушы қазіргі тойларда керісінше, қонақтардың жайлылығына мән берілмейтінін атап өтті. Әсіресе даңғырлаған музыка адамдардың өзара сөйлесуіне мүмкіндік бермейтінін айтады.
«Музыканы әдейі қатты қояды. Бұл — жаппай психоз тудыратын әдіс. Қонақтардың бір-бірімен сөйлесуіне жол берілмейді, бәрі асабаның аузына қарауы керек. Оның айтқанымен жүреді. Бұл — тойдағы автократиялық, тоталитарлық тәсіл», — деді Омар Жәлел.
Сонымен қатар ол бұрын да қазақтардың күн сайын той аралап жүруін сынап, мұндай тенденцияның қауіптілігі туралы айтқан болатын. Оның сөзінше, кәсіппен айналысатын елдер уақытын тойға емес, дамуға жұмсайды.
«Бізде аптаның жеті күні той. Бармайын десе, ‘туыстық қатынас’, ‘ұят’ деген түсініктермен қысады. Ал кәсіпкерлердің тойға баратын уақыты жоқ. Кәсіптің ең үлкені — ғылым. Мысалы, Қаныш Сәтбаев ешқашан тойға бармаған», — деді ол.

