Әлеуметтік желілерде қазақстандықтар қиын жағдайда қалған марқұм композитор Арман Дүйсеновтің жұбайына қолдау көрсетуді сұрап, әншілерге үндеу жолдауда, деп жазады qandastar.kz.
Видео авторының айтуынша, Арман Дүйсеновпен талай жыл араласқан әріптестері мен достары оның жесір қалған, ұлынан айырылған жарына көмек көрсетпеуін түсіне алмай отыр.
«Арман Дүйсенов 2024 жылы қайтыс болды ғой. Сол кісінің әйелі айтып жатыр: «66 миллион теңге қарызбыз, үйімізді алып қоятын болды» деп. Сонда 66 әнші табылмады ма? Әрқайсың бір миллионнан тастасаңдар, онша көп ақша емес қой. Тірі кезінде оның талай әнін айттыңдар ғой. Бір тойға шыққандарың бес миллион ғой, қарылып қалған дауыстарыңмен келіп екі миллион алып кетіп жүрсіңдер ғой. Соны өздерің біліп істесеңдер болмай ма, біз айтуымыз керек пе?» – дейді видео авторы.
Пікірлер бөлімінде желі қолданушылары авторды бірден қолдап, талқылауға қосылды. Видео бір миллионға жуық қаралым жинап, төрт мыңнан аса пікір қалдырған.
«Әншілерді тірідей көміп тастадың ғой, бауырым»,«Сол Арманның әнін әлі айтып жүргендер бар»,
«Байқағаным, әнші-актерлер бір-бірін қиындықта қолдамайды екен»,
«Ұят болды әншілерге», – деп жазды желі қолданушылары.
@almaty.kz2022



