Басты жаңалықтар

Қазақстандағы бірінші АЭС атауы бекітілді

Қазақстандағы алғашқы АЭС-ке «Балқаш» атауы берілді, деп хабарлайды QANDASTAR сайты «NewTimes.kz» порталына сілтеме жасап.

Қазақстанда алғашқы атом электр станциясына атау беру бойынша өткен жалпыұлттық конкурс өз мәресіне жетті. Байқау 2025 жылғы 25 қыркүйек пен 10 қазан аралығында eGov Mobile платформасында өткізілген.

Атом энергиясы агенттігінің мәліметінше, Конкурс комиссиясының соңғы отырысы барысында «Балқаш» атом электр станциясы атауы жеңімпаз деп танылды. Бұл атау азаматтар ұсынған нұсқалар ішінде ең көп дауыс жинап, халықаралық тәжірибеде атом электр станцияларын географиялық нысан бойынша атау принципіне сай келеді.

Барлығы 16 жастан асқан 27 157 қазақстандық конкурсқа қатысып, әрқайсысы бір атаудан ұсынған.
Комиссия 2025 жылғы 5 қыркүйекте құрылған. Оның құрамына қоғам өкілдері, креатив индустрия мамандары, атом энергетикасы, филология және тарих саласының сарапшылары енді. Түскен ұсыныстардың ішінен 10 460 бірегей атау анықталды. Кириллица, латынша жазылу нұсқалары және синонимдер де ескерілген. Комиссияның отырысында ең танымал 100 нұсқа қаралған.

Агенттіктің мәліметінше, «Балқаш» атауын 882 азамат ұсынып, ол ұсыныстар рейтингінде бірінші орынға шыққан.

Сонымен қатар Комиссия АЭС атауының қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі нұсқаларын бекітті:

• «Балқаш» атом электр станциясы;
• «Атомная электростанция “Балхаш”»;
• «Balkhash Nuclear Power Plant».

Еске салайық, 2024 жылғы 6 қазанда Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша референдум өтіп, 5,5 миллионнан астам азамат құрылысты қолдаған. 2025 жылдың ақпанында үкімет алғашқы атом электр станциясының орнын бекітті. Ал маусым айында өткен халықаралық консорциумда Қазақстандағы алғашқы АЭС-ті салуға мердігер ретінде Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясы таңдалған.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button