ФСО Воробьев тауларындағы элиталық резиденцияларды жоғары шенділерге жалға беріп келген, деп хабарлайды QANDASTAR ақпараттық агенттігі POLITICO.KZ порталына сілтеме жасап.
Ресейдің «Проект» зерттеу басылымы Мәскеудегі Воробьев тауларында орналасқан жабық саяжай қалашығын Федералдық күзет қызметі (ФСО) мемлекет қайраткерлері мен билікке жақын ірі кәсіпкерлерге жалға беретінін анықтады. Басылым мәліметінде резиденцияны пайдаланғандардың қатарында Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев та бар екені көрсетілген.
Материалда айтылуынша, Косыгин көшесінің бойындағы, «Мосфильм» павильондары мен Кино мұражайының жанында орналасқан бұл кент 1950 жылдары КОКП Орталық комитеті мүшелері үшін арнайы салынған.
2015 жылы ФСО бұл аумақтағы үйлерді толық жаңғыртудан өткізген. Сол уақыттан бері резиденциялар тек арнайы бекітілген тізім бойынша — саяси тұрғыда ерекше мәртебесі бар тұлғаларға ғана беріле бастаған.
«Проект» дерегінше, бұл аймаққа кіруге рұқсатты тек Ресей президенті Владимир Путин немесе оның әкімшілігінің басшысы Антон Вайно бере алады. Мұндағы үйлерді жалға алу құны айына шамамен 3,1 миллион рубльді құрайды.
Зерттеу Назарбаевпен бір аумақта резиденция жалдаған басқа тұлғаларды да атайды:
-
Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Сергей Шойгу;
-
Қорғаныс министрінің орынбасары – Бас штаб бастығы Валерий Герасимов;
-
Президент әкімшілігінің басшысы Антон Вайно;
-
Федерация кеңесінің мүшесі Сулейман Керимов;
-
Олигархтар Роман Абрамович, Геннадий Тимченко, Дмитрий Мазепин;
-
Рамзан Қадыровқа жақын бизнесмен Руслан Байсаров.
Басылым деректеріне қарағанда, Назарбаев бұл кенттің «көптен бері тіркелген» тұрғындарының бірі саналады. Оған Мичурин даңғылына жақын орналасқан №2 резиденция бекітілген. Авторлар оның мұнда тұрақты тұрмайтынын, тек кейде ғана келіп тұратынын атап өтеді.
Зерттеуде бұл үйлердің жайлылығынан гөрі, мұндай жерде тұру билікке жақындықтың белгісі ретінде қабылданатыны айтылады. Назарбаевтың осы тізімде болуы оның Ресейдің ықпалды топтарына жатқызылатынын көрсетеді.



