Жаңалықтар

Мақтааралда қарулы жанжал болды

Түркістан облысының Мақтаарал ауданында қарулы жанжал шығарған ер адам полицияның оғынан көз жұмды. Бұл ақпаратты облыстық полиция департаменті растады, деп хабарлайды Qandastar.kz

Алдын ала мәліметке сәйкес, жергілікті тұрғын құқық қорғау органдарына бұрынғы күйеуінің үйге қарумен келіп, балаларының көзінше айқай шығарып жатқанын хабарлаған. Оқиға орнына жеткен полицейлерді көрген күдікті үйден қарумен шығып, көрші ауладағы қораға жасырынған.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында аумақ қоршауға алынды. Полиция қызметкерлері ер адамды қаруды тастап, берілуді талап еткен, алайда ол заңды талаптарды орындаудан бас тартып, керісінше тәртіп сақшыларына қарай бірнеше рет оқ атқан. Атыс барысында бір полицей жарақат алды.

Қарулы шабуылды тоқтату үшін тәртіп сақшылары алдымен ескерту ретінде ауаға оқ шығарған. Бірақ ескертуге қарамастан, күдікті қару қолдануды жалғастырғандықтан, полицейлерге табельдік қаруды заң аясында қолдануға тура келген. Нәтижесінде ер адам оқиға орнында көз жұмды.

Тексеру кезінде оның қолында тіркелмеген шолақ мылтық, оқ-дәрілер мен гильзалар болғаны анықталды. Қылмыстық іс қозғалды, оқиғаның мән-жайы тергелуде. Полиция департаментінің мәліметінше, тергеу барысы ведомство басшылығының бақылауында.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button