ЖаңалықтарСараптамаЭкономика және бизнес

Жақыпова жәрдемақыға қатысты маңызды мәлімдеме жасады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова еліміздегі әлеуметтік төлемдер жүйесіне енгізілетін өзгерістер туралы пікір білдірді, деп жазады qandastar.kz

Министрдің дерегінше, қазіргі таңда мемлекет тарапынан әртүрлі топтағы азаматтарға 117 түрдегі жәрдемақы ұсынылады. Дегенмен аймақтардағы қаржылық мүмкіндіктер әркелкі болғандықтан, өңірлік деңгейде белгілі бір айырмашылықтар пайда болған. Сол себепті келешекте бүкіл республика үшін ортақ, бірыңғай стандарт енгізу қарастырылып жатыр.

«Өңірлердің бюджеттік әлеуеті бірдей емес. Осыған байланысты президент «қаржы қызмет алушының соңынан жүруі қажет» деген тапсырма берген болатын. Сондықтан жергілікті бюджеттен төленетін әлеуметтік төлемдерді бір жүйеге келтіру жоспарланып отыр», – деді министр.

Жақыпова республикалық қазынадан төленетін әлеуметтік жәрдемақыларға өзгеріс енгізілмейтінін ерекше атап өтті.

«БАҚ арқылы қазақстандықтарға мынаны жеткізгім келеді: республикалық бюджет есебінен берілетін барлық төлемдер өз күшінде қалады. Бұған зейнетақы, мүгедектікке байланысты берілетін жәрдемақылар, асыраушысынан айырылғандарға тағайындалатын төлемдер, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне және I-II дәрежелі «Батыр ана» атағына ие аналарға төленетін жәрдемақылар, көпбалалы отбасыларға көрсетілетін қолдау жатады. Конституцияда бекітілген әлеуметтік кепілдіктер өзгермейді. Жаңашылдық тек өңірлік жәрдемақыларды ортақ стандартқа келтіруге қатысты», – деп нақтылады ол.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button