Мәжілістің соңғы отырысында депутат Олжас Құспеков әкелердің бала күтімі кезеңін еңбек өтіліне есептеуге қатысты заң жобасын талқылады. Құспековтің айтуынша, бұл бастама ата-аналардың құқықтарын теңестіруге бағытталғанымен, оның ықтимал салдарын, әсіресе әскери қызметкерлер мен мемлекеттік қызметшілер тұрғысынан мұқият бағалау қажет, деп жазды qandastar.kz
Депутат заң жобасының негізгі тұжырымын атап өтті, енді балаға нақты күтім жасаған әкелердің бұл кезеңі еңбек өтіліне қосылуы ұсынылады. Қазіргі уақытта мұндай мүмкіндік тек аналарға ғана беріліп, оларға бала күтімі үшін 12 жылға дейін еңбек өтілі есептеледі.
Олжас Құспеков жүйені теріс пайдаланудың алдын алу мәселесін де көтерді.
«Бұл норма ерлердің, әсіресе мемлекеттік қызметшілер мен әскери қызметкерлер арасында жаппай декретке шығуына әкелмей ме?» – деп сұрақ қойды. Сондай-ақ депутат Еңбек министрлігінен әкенің бала күтімін растау механизмі қалай жұмыс істейтініне қатысты түсініктеме беруді сұрады.
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, түзетудің басты мақсаты – еңбек өтіліндегі теңсіздікті жою. Дегенмен, ол жаңа норма кейбір күтпеген мәселелерді тудыруы мүмкін екенін атап өтті. Министрлік әкенің бала күтімін растайтын механизмді жазбаша түрде толық түсіндіруді жоспарлап отыр.
Заң жобасы әлеуметтік, еңбек және отбасылық қатынастарға әсер ететініне байланысты депутаттар арасында кең талқылауға себеп болды. Қазіргі уақытта заң жобасы бірінші оқылымда қаралуда.



