Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2026–2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу агенттігі әзірлеген бірлескен іс-қимыл бағдарламасы мақұлданды. Бағдарлама Президент жүктеген міндеттер – тұрақты экономикалық өсім қалыптастыру, инфляцияны төмендету, импортқа тәуелділікті қысқарту және азаматтардың табысын арттыруға бағытталған, деп хабарлайды QANDASTAR порталы.
Олжас Бектеновтың айтуынша, бұл құжат алдағы үш жылда елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі міндеттерін шешуге арналған.
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин бағдарламадағы басым бағыттарды таныстырды. Оған халық табысын қолдау, сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ету, шикізаттық емес экспортты арттыру, цифрландыру мен ЖИ технологияларын дамыту, инвестициялық және тарифтік саясатты жетілдіру, инфляцияны төмендету және экономикадағы мемлекеттің үлесін азайту сияқты шаралар кіреді. Сондай-ақ құжат ақша-несие саясаты, қаржы секторын дамыту және баға реттеу бөліктерін қамтиды.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов баға тұрақтылығын сақтау мен қаржы секторын нығайтуға бағытталған монетарлық және пруденциалдық шаралар пакетін таныстырды. Қаржы нарығын реттеу агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова бизнеске несие беруді арттыру, тұтынушылық несиелеудегі тәуекелдерді азайту және кәсіпкерлерді қолдау жөніндегі реттеу тәсілдерін түсіндірді.
Премьер-министрдің айтуынша, бағдарламаны тиімді іске асыру – экономиканың орнықты өсімі мен инфляцияның төмендеуі арқылы халықтың өмір сүру деңгейін жақсартудың негізгі тетігі.
Негізгі мақсаттар: жыл сайын кемінде 5% экономикалық өсімге қол жеткізу және халықтың нақты табысын 2–3% деңгейінде арттыру. Сондай-ақ жаңа инвестициялық циклді бастау, бизнестің дамуына кедергілерді азайту, мемлекеттің экономикадағы рөлін қысқарту, жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдауды мақсатты жеткізу міндеттері қойылған. Инфляцияны бақылау, тариф саясатын теңгерімдеу, экспортты ұлғайту және импортқа тәуелділікті азайту бағыттарына ерекше назар аударылады.
Үкімет басшысы мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктеді. Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы және Сауда министрліктері инфляцияны тежеу және сыртқы факторлардың бағаға әсерін азайтуға жауапты.
ЖЖМ бағасына қатысты мораторийге байланысты көрші елдермен баға айырмашылығы өсіп отырғанын ескеріп, Энергетика, Сауда, Қаржы, ІІМ, Қаржылық мониторинг агенттігі және ҰҚК Шекара қызметіне отын балансы мен мұнай өнімдерінің заңсыз әкетілуіне бақылауды күшейту тапсырылды.
Ауыл шаруашылығы, Сауда және Өнеркәсіп министрліктеріне ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуді ұлғайту, тұрақтандыру қорларын, форвардтық келісімдерді, субсидияларды және сауда желілерімен тетіктерді тиімді қолдану арқылы азық-түлік бағасын тұрақтандыру міндеті жүктелді. Сауда министрлігі өңірлермен бірге делдалдық тізбектерді анықтауды күшейтуі тиіс.
Сонымен қатар АӨК-де терең өңделген өнім өндірісін дамыту, инвестициялық жобаларды жеделдету, шикізаттық емес экспортты ынталандыру шараларын әзірлеу тапсырылды. «Бәйтерек» холдингі мен Kazakh Invest рөлін арттыру да міндеттелді.
Ұлттық экономика министрлігі бағдарлама іске асуы туралы ақпаратты жария түрде көрсетіп, мониторинг жүргізіп отырады.
Премьер-министр барлық министрліктер мен ведомстволарға бағдарламаны сапалы және уақытылы орындауды қамтамасыз етуді талап етті. Премьер-министр орынбасарлары өз бағыттары бойынша бақылауды күшейтуі керек.



