ЖаңалықтарШоу бизнес

«Балаева көмектесті»: Тиматидің концертіне билет сатып алмауға үгіттеген блогер полицияға шақырылды

Астаналық блогер Аида Жексенова рэпер Тиматидің концертіне бойкот жариялауға шақырған жазбасынан кейін полицияға шақырылғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Facebook желісінде жазды, деп хабарлайды qandastar.kz

Оның айтуынша, оны Экстремизмге қарсы күрес басқармасына шақыртқан. Жазбаға байланысты арызды концерт ұйымдастырушысы Алексей Пучков түсірген. Пучков Жексенованың қыркүйектегі жазбасынан ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабының (араздық тудыру) белгілерін көрген.

«Полиция маған Катя Бивол мен Алика Мухамадиеваны мысалға келтірді. Бірақ менің саяси пікірім мен олардың айтқан қорлауларының қандай байланысы бар екенін түсінбедім», – дейді Жексенова.

Ол полицияға өзінің жазбасында тек саяси көзқарас пен Тимати концертіне билет сатып алмауға шақыру ғана бар екенін түсіндіргенін айтты.

Оқиғадан кейін жағдайға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тікелей араласқан. Блогердің айтуынша, министр оған бірден хабарласып, заңгерлерді іске қосқан.

«Бұл – тек адами қолдау ғана емес, Қазақстанда заң шеңберін түсінетін, сөз бостандығын және азаматтық позицияны қорғауға дайын мемлекеттік тұлғалар бар екенін көрсететін маңызды сигнал», – деп жазды Жексенова.

Қазіргі уақытта іс бойынша тексеру жалғасып жатыр.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button