Қазақстандық продюсер, актриса Баян Алагөзова өміріндегі қиындықтар мен проблемаларға қалай қарайтынын айтып берді, деп жазады qandastar.kz.
Ол мысал ретінде өзінің үлкен қарызы болған жағдайды еске алды.
«Мен қаншама сәтсіз жобалар жасадым, бірақ сол жобалардың бәрі – мен үшін ең сүйікті жұмыстар, өйткені олар — жүрегімнен өткен, азаппен келген дүниелер. Не істесем де, өзімді ешқашан жазғырмаймын. Өзімді ешқашан жеңілген адам ретінде сезінбеймін, тіпті фильм өтпей қалса да, топ жүрмей қалса да, ән «атылмаса» да – бірінші, екінші, оныншы, жиырмасыншы… Мұның бәріне мен its okay, бүгін болмаса, ертең деп қараймын. Және өзімді ешқашан жемеймін», – деді Алагөзова Muzzone телеарнасына берген сұхбатында.
Ол миллион доллар көлеміндегі қарызын қалай жапқанын да баяндады.
«Мен бұл жағдайға жай ғана ойын сияқты қарадым. Өзіме: «Егер мен қазір банкке барып, миллион доллар алып, беріп тастай алмасам, неге өзімді қинаймын? Одан не өзгереді?» дедім. Бұл мәселені дәл қазір шеше алмаймын. Сол кезде адамдарға барып: «Міне, менің қолым. Мен ешқашан ешкімді алдаған емеспін. Ондай адам жоқ бұл дүниеде. Мен әрқашан қарызымды қайтарамын. Маған уақыт беріңіздер, мен қайтарамын. Ол қанша уақыт алары белгісіз. Қазір менде ондай ақшаны табатын дайын жоба жоқ», – деп айттым. Екі жылдың ішінде сол қарызды жаптым. Бірақ сол кезде де мен тыныш ұйықтадым, тамақты ләззаттанып жедім, өмірге қуана қарадым», – деді продюсер.
Оның айтуынша, адам проблемаларға неғұрлым жеңіл қарай білсе, олар соғұрлым тез шешіледі.



