
Қазақстандық кәсіпқой боксшы, орта салмақтағы бұрынғы Әлем чемпионы әрі Ұлттық олимпиада комитетінің басшысы Геннадий Головкин соңғы 20 жылдағы қарсыластары шаршы топта кездесуден қашып жүрген боксшылардың рейтингісінде бірінші орынға шықты, деп жазады qandastar.kz
Бұл тізімді Boxingscene сайты жариялады және ол 10 спортшыны қамтыған. Бір қызығы, рейтингке бірден екі қазақстандық енді: Геннадий Головкин (GGG) және Жәнібек Әлімханұлы.
Атап айтқанда, отандасымыз Жәнібек Әлімханұлы тізімде тоғызыншы орынға тұрақтаған. Ол жақын арада кубалық Эрисланди Ларамен белбеулерді біріктіру үшін шаршы алаңға шығуды жоспарлап отыр.
Boxingscene басылымының хабарлауынша, Геннадий Головкин чемпиондық атағын бірнеше мәрте қорғаған әккі спортшы. Алайда, оның нокаут серияларының жойқын болғаны соншалық, тіпті, оның қарсыластары міндетті қорғалулардан басқа кездесуге шығудан бас тартып отырған. Басылымның сарапшысы атап өткендей, Геннадий Головкиннің бабында болған жылдарда оның жекпе-жектерін ұйымдастыру және лайықты қарсыластарды табу оңай болмаған.
Айта кетейік, Геннадий Головкин Азия әуесқой бокс федерациясының (Asia Boxing) президентінің міндетін атқарушы Пичай Чунхаваджирамен өткен кездесуде өзінің әлі де белсенді боксшы екенін жариялап, Қазақстанда қоштасу айқасын өткізуді армандайтынын мәлімдеген. Бүгінгі таңда аты аңызға айналған спортшы 43 жаста.



