Журналист Сәуле Әбілдаханқызы әлеуметтік желідегі парақшасында қазақ қоғамындағы отбасы мәселелері мен ер-азаматтардың жауапкершілігіне қатысты пікірін білдірді. Журналист бұл жазбасының «адал жүрегі бар, ойланатын миы бар жақсы жандарға қатысы жоқ» екенін атап өтті, деп жазды qandastar.kz
Ол кей ер-азаматтардың ата-ананы құрметтеу, жары мен баласының алдында жауапкершілікті сезінбеуін сынға алды.
«Ата-анаңды қадірлеу, жарыңды – балаларыңның анасын сыйлау, отбасыңды бірінші орынға қою деген сендерге жат ұғым болып қалған сияқты. Ата-анаңа уақыт таппайсың, әйеліңнен табысыңды қызғанасың, балаңа алимент төлемеу үшін қашып-пысып жүресің. Қандай аяныштысыңдар…» – деп жазды ол.
Сондай-ақ, ол қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа да тоқталып, әйелдердің «оянып», өз құқығын қорғауға талпына бастағанын айтты. Оның пікірінше, осы өзгерістерге қарсы шығып, әлеуметтік желіде орынсыз айқай-шу көтеріп жүргендердің қатарында өзін «зиялы» санайтындар да бар.
«Еститіні – боқтық, көретіні – тепкі, жейтіні – таяқ… Бұған дейін не үшін шыдап келді? Әйелдер “Жетер! С меня хватит!” деп тіріле бастағанда, надандар өре түрегелді. Жарайды, наданды қойшы… өздерін “зиялы” санайтын ақынсымақ, жазушысымақ, журналистсымақтардың не шаруасы бар?! Әлеуметтік желіде көшедегі қатыннан бетер салғыласып, аузына келгенді айтып отыратын ездерді тізімнен сызып тастаудың да уақыты келген шығар», – деп түйіндеді журналист.



