Жаңалықтар

Бойкот – қылмыс емес!: Полиция Аида Жексеноваға қатысты істі тоқтатты

Танымал ресейлік рэп-орындаушы Тиматидің концертін бойкоттауға шақырған жазбасынан кейін блогер Аида Жексенова полицияға шақырылса да, оған қатысты басталған тексеру ресми түрде құрамсыз деп танылды. Бұл туралы блогердің өзі Threads әлеуметтік желісінде жазба қалдырды, деп хабарлайды qandastar.kz

Оқиға қалай басталды?

Оқиға Тимати мен өзге де орыс әншілерінің Қазақстандағы концертін ұйымдастырушы Алексей Пучковтың шағымынан кейін өрбіген болатын. Ол Аида Жексенованың «Тиматидің концертіне билет сатып алмаңыздар. Соғысты қаржыландырмаңыздар!» деген жазбасынан экстремизм белгілерін көрген. Яғни, ол ҚР Қылмыстық кодекстің 174-бабы («Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздықты қоздыру») бойынша бағалауды талап еткен.

Шағымнан кейін тәртіп сақшылары блогерді Экстремизммен күрес басқармасына шақырып, жазбасын өшіруді «ұсынған». Өз кезегінде блогер әлгі постында ешқандай агрессия, ұлтқа немесе дінге қатысты арандату, жеккөрушілік болмағанын алға тартады. Ол тек саяси позициясын білдіріп, «z»-идеологияны насихаттайтын әртістің концертіне қатысты пікірін жазғанын жеткізді.

«Мен ештеңе заңсыз жасамадым. Постымды өшіруден, яғни өз ұстанымымнан бас тартудан принципті түрде бас тарттым», – деді ол.

Оқиға әлеуметтік желілерде кең талқыланып, жүздеген журналист, құқық қорғаушы, блогер және қарапайым азаматтар Аиданы қолдады.

«Мұндай үлкен қолдауды күтпедім. Жүздеген пікір, мыңдаған лайк, репост… Тіпті, КСК төрағасы «Аида, көмегім қажет пе?» деп жазды», – деп бөлісті блогер.

Бұл оқиғадан кейін блогер үндеу жасап, медианы қорғауға келгенде қарап қалмайтын Ақпарат министрі Аида Балаевадан жағдайға араласуды сұраған болатын. Оның пікірінше, саяси бойкотты экстремизм деп тану күні ертең журналистер мен белсенділерге қарсы қолданатын қаруға айналуы әбден мүмкін.

Полиция ресми түрде хабарлады: құқықбұзушылық жоқ. Threads әлеуметтік желісіндегі Аида Жексенованың жазбасында оған кеше полиция қызметкерлері хабарласып, тексеру қорытындысын жеткізген. Яғни, «Құқықтық немесе әкімшілік құқықбұзушылық белгілері анықталған жоқ» деген жауап алған.

Осылайша, полиция бойкоттың – экстремизм емес екенін, оның азаматтық позиция екенін ресми түрде мойындады.

Енді кім жауап береді?

Аида Жексенова жазбасында енді полицияға шетелдік әртістің ұйымдастырушысы әрі өзіне шағым түсірген Алексей Пучковқа қатысты жала жабу және жалған арыз бойынша шағым түсіру мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлады. Оның мүддесін QALQAN ADVISORS қорғау бюросының жетекшісі Асқар Қаймақов қорғайды.

«Маңыздысы – тек өзімді қорғау емес. Ертең ешкім белсенділерді, журналистерді немесе блогерлерді осылай қысымға ала алмайтындай прецедент жасау», – деп жазды Айда Жексенова.

Блогер жұрттың көмектесуге деген ниетіне алғысын білдіріп, қаражат жинаудан бас тартты.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button