Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Депутат автотұрақтардан түскен қаржы бақыланбайтынын айтты

«Ақ жол» партиясының депутаты Олжас Нұралдинов Астана мен Алматы қалаларындағы ақылы автотұрақтардың жұмыс тәртібін сынға алып, премьер-министр Олжас Бектеновке арнайы сауал жолдады, деп хабарлайды qandastar.kz

Депутаттың пікірінше, ақылы тұрақтарды енгізудің бастапқы мақсаты — қала орталығындағы көлік кептелісін азайту болған. Алайда қазіргі кезде тұрақтар тек орталықта ғана емес, тұрғын үйлердің жанында және қала шетінде де ашылып, тұрғындар өз үйінің алдында көлік қойғаны үшін ақша төлеуге мәжбүр.

Сонымен қатар, автокөлік иелерінің төлем жасау мүмкіндігі шектеулі. Көп жағдайда төлем тек мобильді қосымша немесе QR-код арқылы жүргізілуі керек. Интернет істемесе немесе банк картасы бұғатталса, жүргізушілер төлем жасай алмай, 4 мың теңге айыппұл арқалайды. Нұралдинов заң бойынша қолма-қол және электрондық төлем мүмкіндігі болуы тиіс екенін атап өтті.

Депутат ақылы тұрақ операторлары арасында бәсекенің жоқтығына, түсетін қаржының ашық жарияланбауына да назар аударды. Ол атап өткендей, Астана мен Алматыда тұрақтардан жыл сайын миллиардтаған теңге түседі, алайда тұрғындар қаражаттың нақты қалай жұмсалатынын көре алмай отыр.

Сонымен қатар, ол ақылы автотұрақтар бұрын да сыбайлас жемқорлық дауына себеп болғанын еске салды.

«Ақ жол» партиясы мәселені шешу үшін бірнеше ұсыныс енгізді. Оның ішінде әрбір автокөлік иесіне екі жеңілдетілген тұрақты белгілеу, кез келген төлем түрін, соның ішінде қолма-қол ақшаны да қабылдайтын паркоматтар орнату, бейнекамералармен жабдықтап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әкімдіктер мен операторлар арасындағы келісімшарттарды ашық жариялап, оператор қызметіне аудит жүргізу мәселелері бар.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button