Әлеуметтік желілерде өздерін Оқу-ағарту министрлігінің қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адамдардың үйлерді аралап жүргені туралы хабарламалар таралуда, деп хабарлайды qandastar.kz
Астана тұрғынының айтуынша, белгісіз адамдар үйіне келіп, бірқатар сұрақтар қойып, жұмысқа баға беруін сұраған. Олар бейдждерін көрсетіп, одан белгілі бір QR кодты сканерлеуді талап еткен. Сілтеме ашылған соң, әйелден балалары туралы ақпарат беру сұралған. Осыдан кейін оның телефоны сөніп қалған. Тұрғын бұл жағдайды алаяқтардың әрекеті болуы мүмкін деп күдіктенеді. Видео ата-аналар чаттарында кең таралып, тұрғындардың алаңдаушылығын тудыруда.
Осыған байланысты ҚР-ның Оқу-ағарту министрлігі ресми түрде министрлік қызметкерлері үйлерді араламайтынын және жеке деректер жинамайтынын мәлімдеді.
«Өзін министрлік өкілі ретінде таныстырып, жеке ақпарат талап еткен немесе үйге кіруге тырысқан адамдардың министрлікке еш қатысы жоқ. Мұндай жағдай – алаяқтық белгілері бар заңсыз әрекет болуы мүмкін. Барша азаматтарды қырағылық танытып, осындай жағдай орын алған кезде дереу құқық қорғау органдарына хабарласуға шақырамыз», – деді.


