
Әлеуметтік желілерде танымалдылыққа ие блогер әрі хореограф Александр Зубарев YouTube платформасында жарияланған жаңа видеосұхбатында Қазақстанға деген ерекше ықыласын білдіріп, алдағы уақытта Алматыға қоныс аударуды жоспарлап жүргенін айтты, деп хабарлайды qandastar.kz
«Кейбіреулер мені Алматы әкімдігі немесе ҚР Үкіметіне сатылып кетті деп айыптауы мүмкін. Бірақ ашығын айтайын: маған Қазақстан билігі ештеңе төлеген жоқ. Мен Алматыны шын жүрегіммен жақсы көремін. Қазақстанда бір жыл өмір сүрдім, кейін осында оралдым. Енді қайтадан Қазақстанға көшкелі отырмын», – деді ол.
Айта кетсек, Александр Зубарев – 1987 жылы Донецк қаласында дүниеге келген кәсіби хореограф әрі бүгінде миллиондаған аудитория жинаған блогер. 2015 жылы ол Қытайға қоныс аударып, би студияларында сабақ берді, түнгі клубтарда өнер көрсетті және жарнамалық жобаларға қатысты. 2021 жылы TikTok желісінде аккаунт ашып, Қытайдағы өмір, тұрмыс және мәдениет туралы ерекше харизмамен түсірілген бейнелері арқылы танымал болды. Қазір Зубаревтің TikTok және Twitch платформаларында миллиондаған жазылушысы бар.
2025 жылы блогер ресейлік «Скуф» комедиялық фильмінде басты рөлді сомдауға шақырылды. Картинаның тұсаукесері 2026 жылға жоспарланған.



