
Әнші Төреғали Төреәлі көпшілікке қызы Кәусардың (азан шақырып қойған аты – Томирис) денсаулығына қатысты ауыр хабарды қалай қабылдағанын баяндады, деп жазды qandastar.kz
Өнер иесі бұл жағдайдың 2015–2016 жылдары, Баян Алагөзованың «Қазақ аруы» жобасын Ерке Есмаханмен бірге жүргізуге дайындалып жүрген сәтінде болғанын айтады. Сахнаға шығар алдында телефонына түскен хабарлама оны есеңгіретіп тастаған.
«Қызым Томиге ДЦП диагнозы қойылғаны туралы жазуды оқығанымда, үстімнен мұздай су құйып жібергендей күй кештім. Жұлдызым жанып тұрған шақ, көңіл-күйім әп-сәтте астан-кестен болды. Ол күні қалай сахнаға шығып, іс-шараны қалай жүргізгенім мүлдем есімде жоқ. Сол сәттен кейін атақ-даңқтың бәрі маңызын жоғалтты. Өмірім басқа арнаға бұрылғандай көрінді», – деп сыр бөлісті Төреғали.
Дегенмен, уақыт өте өнерпаз бұл жағдайды сынақ емес, сый ретінде қабылдай бастағанын айтады.
«Қазір түсінемін. бұл – Алланың сынағы емес, нығметі екен. Қызымыз – шаңырағымыздың шырағы. Бүгінгі күнде қолым жеткен барлық бақ-береке сол қызымның құрметіне берілген деп ойлаймын», – деді ол.



