
АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы соғысты тоқтатуға бағытталған бейбіт жоспарды Владимир Зеленский міндетті түрде қабылдауы керек екенін мәлімдеді, деп хабарлайды qandastar.kz.
Бұл туралы ол Ақ үйдегі журналистермен әңгіме барысында айтты. Трансляция Ақ үйдің-арнасында жүргізілді.
«Бізде бейбітшілікке қол жеткізудің жолы бар деп ойлаймыз. Оны (жоспарды) ол мақұлдауы керек», – деді Трамп.
Трамп АҚШ тарапы «көптеген өмірді сақтап қалуға» тырысып жатыр деп бөлісті.
«Зеленский бұл жоспарды қолдауы тиіс, ал егер ұнатпаса, соғысты жалғастыра береді деп ойлаймын», – деді Трамп.
Журналистердің «егер Украина АҚШ жоспарын қабылдамаса, Вашингтон Киевке қолдауды тоқтата ма?» деген сұрағына Трамп «ерте ме, кеш пе» Зеленскийдің «бір шешім қабылдауға мәжбүр болатынын» айтты.
Сонымен қатар, ол Украинаға тезірек шешім қабылдау қажет екенін, өйткені «қыстың суық болатынын» ескертті. Трамптың айтуынша, бейбіт жоспарды қабылдауға берілген дедлайн – 27 қараша.
Еске сала кетейік, таяуда украиналық депутат Алексей Гончаренко Трамптың Украина жөніндегі 28 тармақтан тұратын бейбіт жоспарын жариялаған болатын.
Владимир Зеленский халыққа 10 минуттық үндеу жасап, АҚШ-тың ұсынылған бейбіт жоспарына қатысты пікір білдірді. Ол елдің ауыр кезеңнен өтіп жатқанын атап өтті.



