
Ресейдің танымал боксшысы Костя Цзю қазақстандық Геннадий Головкиннің World Boxing ұйымының президенті қызметіне тағайындалуына қатысты өз ойын айтты, деп жазады qandastar.kz «Советский спорт» басылымына сілтеме жасап.
Аңыз боксшының айтуынша, Головкин бұл лауазымға толық лайық.
«Ол спортқа өте көп еңбек сіңірді және бұл қызметке әбден лайықты. Генаны жақсы білемін және оның бұл міндетті де абыроймен атқаратынына сенімдімін. Спортшы болып, кейін осындай жоғары қызметке келу – үлкен жетістік. Себебі ішкі проблемалардың бәрін білесің, жеке тәжірибең арқылы көптеген мәселелерді сапалы шеше аласың. Сондықтан Головкиннің тағайындалуы – өте дұрыс шешім. Ал енді ол жаңа жұмысында бокстағыдай жүз пайыз беріліп істей ме – бұл басқа сұрақ. Дегенмен, оған сәттілік тілеймін», – деді Цзю «Советский спорт» тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында.
Еске сала кетейік, кеше Римде өткен World Boxing Конгресінде қазақстандық бокстың жарқын өкілі Геннадий Головкин ресми түрде ұйымның президенті ретінде бекітілген болатын.
Ресми рәсімнен кейін Геннадий Головкин Конгресс делегаттарына арнап сөз сөйлеп, кейін бұл тағайындауға қатысты пікірін әлеуметтік желілерде жариялады.



