Атырауда өткен ашық жиында орын алған жағдай әлеуметтік желілерде кең талқыланып, халықтың наразылығын тудырды. Малдың жаппай қырылуына, ветеринариялық бақылаудың жоқтығына және аурудың себебі әлі күнге дейін анықталмағанына байланысты тұрғындар өткір сұрақтар қойғанда, депутаттардың жауап берудің орнына дауыс көтеріп, адамдарды залдан шығаруға тырысқаны бейнежазбада көрініс тапқан, деп жазады qandastar.kz
Жиналған жұрт «неге бақылау жүргізілмеді, неге мамандар уақытында араласпады?» деп талап қойғанымен, жергілікті билік тарапынан нақты түсініктеме болмағанын айтады. Халық ветеринария қызметтері өлекселерді жою процесіне мүлде қатыспағанын, өртеп көму жұмыстарын фермерлердің өздері атқарып жүргенін ашық жеткізді. Бұған қоса Атырау базарларында ауру малдың еті сатылғаны жөнінде фактілердің айтылуы жағдайды одан сайын ушықтырды.
Тұрғындар депутаттарды «WhatsApp топтарына да қосылмайды, халықпен байланысын жоғалтқан» деп сынға алды.


