Тәуелсіздік алғанымызға 34 жыл өтсе де, ұлттық мүдде мен идеология толық қалыптаспады. Бұл туралы тарих ғылымдарының кандидаты Жұмамұрат Шәмші Qasqa Jol YouTube-арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды qandastar.kz.
Тарихшының сөзінше, бүгінгі таңда қазақ қоғамында ұлттық болмыс әлсіреп, «ұлттан айырылу қаупі» байқалады.
«Елімізде еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін орысша сөйлейді. 34 жылда ұлттық идеологияны күшейту орнына, оны жоюға жақындатқанымыз қалай?» – дейді ол.
Ж.Шәмшінің айтуынша, КСРО кезеңіндегі идеологиялық қысым салдарынан қазақ халқы ассимиляцияға қатты ұшыраған. Қазақ әліпбиінің 1940 жылға дейін екі рет өзгертілуі де халықты өз тарихынан алшақтатуға бағытталған әрекет болғанын айтты.
Тарихшы Жәнібек Кәрменов пен Жұмабек Тәшенов сынды қайраткерлердің ұлттық мүддені қорғаудағы рөлін ерекше атап өтті. «Ол кісілердің батылдығының арқасында бес облысты аман сақтап қалдық, Тайқазан елге оралды, Наурыз қайта жанданды», – деді ол.
Ал қазіргі жағдайға тоқталып, шенеуніктердің елде қызмет етіп жүріп, отбасының шетелде тұруын «ұлттық трагедия» деп атады.
«Қазір қазақ болғанына өкінетіндер бар. Қазақ тілін менсінбей, орысша шүлдірлейтіндер көбейген», – дейді тарихшы.
Сондай-ақ ол болашақ ұрпақ тәрбиесінің кез келген дәуірде басты мәселе болып келгенін айтып, Сократтың «Мен болашақ ұрпақтан қорқамын» деген сөзін мысал етті.


