«Нұр-Мұқасан» тобының бұрынғы құрамында өнер көрсеткен Мұқасан Шахзадаевке қатысты адам ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп жазады qandastar.kz.
Бұл ақпаратты Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі растады. Ведомствоның хабарлауынша, 22 қараша күні ер адам полицияға шағым түсірген.
«22 қарашада Наурызбай аудандық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын азамат М. және бірнеше адамның тарапынан дене жарақатын алғаны туралы арызданды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркелді», – делінген ресми хабарламада.
Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Құзырлы органдар оқиғаның барлық қыр-сырын анықтауда.
«Тергеу әділ, толық және жан-жақты өткізіледі. Оның нәтижесі бойынша заңға сәйкес шешім қабылданады», – деп хабарлады Алматы қалалық Полиция департаментінің өкілдері.
Айта кеткен жөн, бұған дейін әлеуметтік желілерде Мұқасан Шахзадаев өзін алмастырған әнші Ғалымжан Сүлейменді достарымен бірге қатыгездікпен соққыға жыққаны туралы ақпарат тараған еді.

