Жаңалықтар

Депутаттар қулыққа барып, жетімдерге жатақхананы тұрғын үй ретінде ұсынған

Ақтөбе қалалық №2 сотында Мұғалжар аудандық мәслихатының екі депутаты мен аудандық құрылыс бөлімінің басшысына қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Тергеу материалдарына сәйкес, айыпталушылар жетім балалар мен көпбалалы отбасыларға арналған құжаттары дұрыс емес, сапасы төмен жатақхананы тұрғын үй ретінде өткізуге әрекет жасаған, деп жазады qandastar.kz

Арнайы күзетпен жеткізілген екі депутат: аудандық мәслихаттың экс-төрағасы Бақытжан Қадралин және депутат Азамат Жәлімбетов. Үшінші айыпталушы – аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Әнес Сейілхан.

Айыпталушыларға Қылмыстық кодекстің келесі баптары бойынша айып тағылған. 190-бап – аса ірі мөлшердегі алаяқтық, 218-бап – қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру, 385-бап – жалған құжат жасау және оны пайдалану, 28-бап – қылмысқа қатысу.

Бұл істі Ақтөбе қалалық №2 сотының төрағасы Сандуғаш Ізбағамбетова жүргізуде. Прокурор Темірлан Ибрагим айыптау актісін жариялап, іс материалдарымен таныстырды.

Іс «Мұғалжар Отан» ЖШС-нің меншік иесін жалған жолмен ауыстырудан басталады. Қазіргі мәліметтер бойынша, Азамат Жәлімбетов «Мұғалжар Отан» ЖШС-нің құрылтайшысы әрі аудандық мәслихат депутаты болған. ЖШС 2019 жылы жүргізушілерді оқыту орталығы ретінде тіркелген және оның үлестері төмендегідей бөлінген: Ж.-ға – 39%, «Отан» қоғамдық қорының төрағасы А.-ға – 51%, «Ақтөбе Отан» ЖШС-нің директоры – 10%.

2021 жылы Ж, тергеу анықтай алмаған тұлғамен бірге, жалған бланк пен мөр жасап, жиналыс хаттамасын қолдан жасап, 2022 жылы екі құрылтайшының орнына жалған қол қойып, барлық үлесті өз атына рәсімдейді. Бұдан кейін ол жалған сатып алу-сату келісімін жасап, құжатты eGov арқылы тіркейді. Сараптамалар нәтижесінде құжаттардың қолдан жасалғаны расталған. Осылайша, «Отан» қоры мен «Мұғалжар Отан» ЖШС-не жалпы 97,6 млн теңге көлемінде залал келген.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button