ЖаңалықтарЭкономика және бизнес

Бектенов бизнеске жағдай жасап, логистикалық хабтарды дамытуды тапсырды

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Президент жүктеген міндеттер аясында сауда-логистикалық хабтарды дамыту үшін қажетті инфрақұрылымды жылдам қалыптастырудың маңызын атап өтті, деп хабарлайды qandastar.kz

Бектеновтің айтуынша, Мемлекет басшысы Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі көлік хабына айналдыруды стратегиялық мақсат ретінде қойған. Сондықтан трансшекаралық экономикалық байланыстарды дамыту үшін сауда-логистикалық хабтарды құру ерекше басым бағыт саналады.

«Транзиттік маршруттар мен инвестициялар үшін бәсекелестік күшейіп отырған кезде бізге жерүсті көлік инфрақұрылымын, өндірістік кооперацияны әрі сауда желілерін қарқынды дамыту қажет», – деді Үкімет басшысы.

Премьер-министрдің айтуынша, трансшекаралық хабтардың толық жұмыс істеуі жүк тасымалының мерзімін қысқартып, өткізу қабілетін арттырады, өндіріс көлемін ұлғайтып, салық түсімдері мен экспортты көбейте түседі.

Ол бұл жобаларды жүзеге асыруда жүйелі тәсіл қажет екенін ерекше атады.

«Жүйелі жұмыс жүргізілсе, бұл жобалар капитал мен жаңа өндірістерді тартатын орталықтарға айналады. Сондықтан барлық қатысушы құрылымдардың өзара байланысын жақсартып, жұмыстың қарқынын арттыру маңызды. Сауда министрлігі осы бағыттағы мемлекеттік органдардың қызметін тиімді үйлестіруі тиіс», – деді Бектенов.

Премьер-министр хабтардың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін бизнеске қолайлы жағдай жасау қажеттігін айтты.

«Инвестициялық тартымдылықты күшейту үшін инженерлік инфрақұрылымның дайын болуы, арнайы экономикалық аймақтардың құрылуы, рәсімдердің ашықтығы және мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жедел әрекет етуі маңызды», – деп түйіндеді Үкімет басшысы.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button