
Павлодар облысында бірнеше апта бұрын тәрбиеленушілері ауруханаға түскен балабақша қызметкерлері уақытша жұмыстан шеттетілді, деп хабарлайды qandastar.kz
Павлодар облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, жеке балабақша тәрбиеленушілерінің ауруханаға түсуіне тағамнан улану себеп болды деген болжам расталмаған.
«Балаларға алдын ала қойылған диагноздар расталмады. Оларға “ас қорыту жүйесінің анықталмаған функционалдық бұзылысы” және ротавирустық энтерит диагноздары қойылды», – деді Павлодар облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Досжанова.
Сонымен қатар, тексеріс барысында балабақшада бірқатар санитарлық нормалардың бұзылғаны анықталды. Атап айтқанда, тамақ өнімдерін сақтау, залалсыздандыру режимі бойынша кемшіліктер бар.
«Медициналық тексеруден уақытылы өтпеген қызметкерлер анықталды. Олар уақытша жұмыстан шеттетілді. Тексеру шаралары әлі жалғасуда», – деп қосты Зәмзәгүл Досжанова.
Еске салсақ, қараша айының басында Павлодар облысында 7 бала дәрігерлердің көмегіне жүгінген еді. Үшеуі облыстық орталыққа жіберілсе, қалған төртеуі амбулаторлық емдеуге жіберілген.



