Журналист әрі блогер Жанасыл Болатбек Қазақстан кино индустриясының дамуындағы жаңа кезең туралы өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, отандық кино нарығына алғашқы серпін берген – жайдарманшылар (КВН-ші әзілкештер), деп жазады qandastar.kz
Болатбек бұл топтың сапасы әртүрлі болса да, тәуекелге барып, батыл қадамдар жасай отырып, қазақстандық киноның жеке нарық ретінде қалыптасуына ықпал еткенін атап өтті. Оның сөзінше, олардың нарыққа келуі шетелдік фильмдердің басымдығын азайтуға жол ашты.
«Мемлекеттен миллиондап қаржы алып, ешкім көрмейтін “ұлы фильмдерді” түсірумен айналысып келген дәстүрлі режиссерлердің шынайы бетін ашқан да осы жаңа толқын», – дейді ол.
Жанасыл Болатбектің пікірінше, қазір кино саласы екінші кезеңге аяқ басты: көрермен саны артты, талғам өсті, жаңа бағыттағы сапалы фильмдер пайда бола бастады.
«Сан бар, енді сапа келе жатыр. Бұл үрдіс тоқтамау керек», – деп жазды блогер.
Ол сондай-ақ отандық аудитория мен мамандардың деңгейі көтерілгенін айта келе, тарихи фильмдер түсіруге толық мүмкіндік туғанын жеткізді.



