Facebook әлеуметтік желісінде Назым Табылдиева қайтыс болған әпкесінің артында қалған ипотека мен кредит мәселесіне байланысты өз басынан өткерген ауыр жағдайды бөлісті, деп жазады Qandastar.kz.
Оның айтуынша, әпкесі биыл тамыздың 1-інде қайтыс болған, артында жалғыз ұлы қалған. Бұл баланы әжесі қамқоршылыққа алу үшін құжат жинау төрт айға созылып, әр анықтама үшін сабылып жүруге тура келген.
Марқұмның атында ипотекада үй және бірнеше банкте кредиттер болған. Ипотекалық үйді мемлекет тартып алмай, баланың атына қалдыру үшін ата-анасы мен бала мұрагерлікке кірмекші. Бірақ бұл кезде қиындық туындаған — үйге депутаттық жүктемемен байланысты Назымның өзі қоса қарыз алушы болғандықтан, Отбасы банкке төлемді уақытша тоқтату туралы өтініш жасағанда банк рұқсат бермеген. Себебі «сіз қоса қарыз алушысыз, міндеттеме сізге өтеді» деп қайтарған.
Нотариустар да дәл осыны айтқан: «Қазақстан заңында қайтыс болған адамның кредиті автоматты түрде кешірілмейді. Қарыздар оның мүлкімен бірге мұрагерлерге өтеді. Яғни мұрагер боламын деген адам тек үйді немесе басқа мүлікті ғана емес, сол адамға тиесілі қарыздарды да мойнына алады. Бұл – қолданыстағы Азаматтық кодекстің тікелей талабы».
Кредиттің кешірілуінің жалғыз мүмкін жолы – егер марқұм өмірді сақтандыру арқылы қарызын сақтандырған болса ғана. Ал көпшілік жағдайда тұтынушылық кредиттерде мұндай сақтандыру болмайды. Сондай-ақ қайтыс болған адамды банкрот ету де заңда қарастырылмаған, банкроттық тек тірі азаматқа қатысты рәсімделеді.
Назым жазбасында: «Тірі кезімізде кредиттен құтылмасақ, өлгеннен кейін де туған-туысқа ауыртпалық түседі екен» деп күйінеді. Шынында да, мұндай жағдай елімізде жиі кездеседі. Қайтыс болған адамның артында қалған қарызы – оның отбасы үшін қосымша ауыртпалық, – деген.



