Ішкі істер министрлігі мұнай өнімдерін ұрлау және оларды контрабандалық жолмен тасымалдау арналары анықталғанын хабарлады. Ведомство заңсыз әрекеттердің жолы кесілгенін мәлімдеді, деп жазды qandastar.kz
Министрліктің ақпаратында қараша айында Ақтөбе облысында полицейлер мұнай өңдеудің бастапқы өнімін жалған құжаттармен ұрлап, тасымалдаумен айналысқан ұйымдасқан топты әшкерелеген. Сондай-ақ осы топтың ұйымдастырушыларының нұсқауымен шамамен 60 тонна мұнай өнімін заңсыз жеткізген жүк көлігінің жүргізушілері екі өңірде ұсталды.
Тұрғын үйлер мен бір кәсіпорын аумағында жүргізілген тінтулер барысында шамамен 400 тонна мұнай өнімі, атыс және газ қарулары, сондай-ақ заңсыз әрекеттерді дәлелдейтін құжаттар тәркіленді.
Бұдан бөлек, басқа қылмыстық іс аясында мұнай өнімдерін шетелге контрабандалық жолмен шығарды деген күдікке ілінген компанияның қызметі тексерілуде. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл кәсіпорын жалпы құны 8 млрд теңгеге жуық 30 мың тоннадан астам жанармайды заңсыз экспорттаған. Қазан айында мемлекеттік шекарадағы теміржол өткізу бекеттерінің бірінде осы компанияға тиесілі, көрші мемлекетке 300 тонна жанармай алып бара жатқан төрт вагон ұсталған.
Барлық дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.



