«Бәйтерек» ұлттық холдингі трансформацияланбақ. Бұл туралы Үкімет басшысының баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады qandastar.kz
Премьер-министр Олжас Бектенов холдингтің нақты секторды қолдау мен инвестиция тартуды күшейту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында «Бәйтерек» директорлар кеңесінің отырысын өткізді. Онда холдинг қызметін кеңейту және инвестициялық саясатты жаңарту мәселелері қаралып, 2026 жылға арналған директорлар кеңесінің жұмыс жоспары бекітілді.
Құжат трансформациялық күн тәртібін жүзеге асыруды, корпоративтік басқаруды жетілдіруді, бизнеске қолдау құралдарының тиімділігін арттыруды және еншілес ұйымдардың инвестициялық қызметін кеңейтуді қамтиды. Нәтижесінде директорлар кеңесі холдингті «Ұлттық инвестициялық холдинг «Бәйтерек» етіп қайта құру туралы шешім қабылдады.
Инвестициялық холдингке инфрақұрылымдық, экспорттық және индустриялық жобаларды қолдау бойынша қосымша өкілеттіктер беріледі.
Үкіметтің мәліметінше, негізгі мақсаттар – капитал тартуды проактивті түрде күшейту, ішкі өндірісті дамыту және импортты алмастыру. Сондай-ақ шикізаттық емес экспорттың үлесін арттыру және бәсекеге қабілетті бизнесті қалыптастыруға басымдық берілген.
Бектеновтың айтуынша, құрылымдық өзгерістер нәтижесінде «Бәйтерек» Қазақстанға озық технологиялар мен ірі капитал әкелетін инвесторларды басым секторларға тартатын тиімді тетікке айналуы тиіс.
Президенттің жалпы цифрландыру жөніндегі тапсырмалары аясында кәсіпкерлікті қолдау саласында жасанды интеллект құралдарын енгізу бойынша холдинг басшылығының жаңа тиімділік көрсеткіштері (КПД) айқындалды. Басқарма төрағасы орынбасарларының КПД-сы да тартылған шетелдік инвестициялар көлеміне қарай қайта қаралатын болды.
Отырыста 2025 жылғы III тоқсанға арналған Консолидирленген тәуекелдер есебі және Антикоррупциялық комплаенс қызметінің есебі мақұлданды. Үкімет холдингтің инвестициялық қызметінің кеңеюіне қарамастан, оның қаржылық моделінің тұрақты екенін және тәуекелдерді басқару жүйесінің тиімді жұмыс істеп тұрғанын хабарлады.
2026-2028 жылдарға арналған Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бірлескен іс-қимыл бағдарламасы аясында «Байтерек» нақты секторды несиелеу көлемін ұлғайтады. Бүгінде бизнеске 5,7 трлн теңге көлемінде қолдау көрсетіліп, 29 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл бизнеске көрсетілетін мемлекеттік қолдау көлемі 8 трлн теңгеге дейін жеткізілмек.



