Талдықорғандағы жедел жәрдем қызметкерлері жалақыны өсіруді талап етіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жолдады, деп жазады qandastar.kz.
Олар жұмыс барысында туындайтын қиындықтарды, ауыр физикалық жүктемені және жауапкершіліктің жоғары екенін айта келе, қазіргі еңбекақының осы талаптарға сай келмейтінін жеткізді.
«Жедел жәрдем – адам өмірін құтқаратын аса маңызды қызмет. Біз күнделікті физикалық және моральдық тұрғыдан өте ауыр жағдайда жұмыс істейміз. Бірақ жалақымыз соған сәйкес келмейді», – дейді мамандар.
Медицина саласының өкілдері тек айлық мәселесін емес, жұмыс жағдайына байланысты басқа да өзекті мәселелерді атап өтті. Соңғы кездері дәл осындай мазмұндағы үндеулердің көбеюі қоғамдағы әлеуметтік қысымның күшейгенін көрсетеді. Бұған дейін Теміртау мен Шу қаласындағы «жедел жәрдем» қызметкерлері де жалақыны өсіруді талап етіп, шағынған еді.
Көпшілік үшін бұл жағдайдың ерекше тұсы – мемлекеттік сектор қызметкерлерінің ашық түрде үндеу жасауы. Әдетте бюджеттік сала мамандары мұндай қадамға бармайды, себебі қоғамда да, сала ішінде де үнсіз жұмыс істеу үрдісі қалыптасқан. Ал бұл жолы олар мәселені жасырмай, тікелей жария етті.



