Жаңалықтар

34 миллион теңгенің махаббаты: Алматыда ер адамға сот үкімі шықты

Алматыда бірнеше қызды алдап, олардың аттарына миллиондаған теңгені құрайтын несиелерді рәсімдеген ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды qandastar.kz

2025 жылғы 26 қарашада Алматы қаласының Әуезов аудандық соты 28 жастағы Рамазан Исхаровты кінәлі деп таныды. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша жауапқа тартылды:

  • ҚР ҚК 190-баптың 3-бөлігі 1 және 4-тармақтары – «Ірі көлемде бірнеше рет жасалған алаяқтық»;
  • ҚР ҚК 109-1-баптың 1-бөлігі – «Жеңіл дене жарақатын салу».

«Сот сотталушыға жеңіл дене жарақатын салу бойынша 40 сағаттық қоғамдық жұмыс, алаяқтық үшін 4 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Түпкілікті жаза – орташа қауіпсіздік мекемесінде 4 жыл 6 ай», – деді судья.

Сот үкімі бойынша Рамазан Исхаров төрт жәбірленушіге келтірілген материалдық шығынды өтеуі тиіс. Ол жалпы 34 миллион теңгені құрайды:

Т.Қ. – 5 466 836 тг + 1,2 млн тг өкілдік шығындары
Н.Б. – 9 724 360 тг + 1,5 млн тг
Н.К. – 4 440 000 тг + 1,1 млн тг
Д.Д. – 14 169 887 тг + 1 млн тг моральдық зиян

Сот Т.Қ., Н.Б. және Н.К.-ның моральдық зиян туралы талаптарын қанағаттандырған жоқ.

Тергеу мәліметінше, Рамазан Исхаров 2022 жылдан бастап әйелдерді жүйелі түрде алдап келген. Яғни, өзін полиция қызметкерімін деп таныстырып, үйленуге уәде берген. Осылайша, ол олардың аттарына несиелер рәсімдеткен.

Жәбірленушілердің қатарында оның үш «қалыңдығы» және бір танысы бар. Әйелдерге ол «отбасылық өмірге дайындаламыз» деген желеумен несие алдырса, танысынан «автокөлігінің кеденін тездету» және «құжат рәсімдеу» деген сылтаумен ақша алған.

Сотталушы кінәсін жартылай ғана мойындады. Оның айтуынша, жәбірленушілер несиелерді алуды өздері ұсынған.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button