Тарихшы, өлкетанушы Амандық Әмірхамзин Рудный қаласында орын алған оқиғаға байланысты өз пікірін білдіріп, бұл жағдайды Қостанай облысындағы идеология, тіл саясаты, білім және мәдени орта салаларындағы жүйелі кемшіліктердің көрінісі деп бағалады, деп жазады qandastar.kz
Оның айтуынша, Рудный мен Қостанай арасындағы айырмашылық бірден сезіліп, екі қаланың даму қарқыны мен рухани кеңістігінің арасында үлкен контраст бар.
Әмірхамзин Рудныйдағы көше атаулары мәселесін айрықша атап өтті. Қалада 133 көшенің тек 12-сі ғана мемлекеттік тілде, ал 35 жыл ішінде бірде-бір көше атауы ауыспаған. Тарихшы бұл жағдайды жергілікті биліктің, оның ішінде мәдениет және ішкі саясат бөлімдері мен облыстық идеологияға жауапты басшылықтың жүйелі жұмыс жүргізбеуімен байланыстырады. Оның айтуынша, түсіндіру, зерттеу, талдау жұмыстары мүлдем жүргізілмеген.
«Қостанай облысындағы білім беру саласында да бірқатар проблемалар бар. Облыстағы қазақ мектептерінің үлесі небәрі 28 пайызды құрайды, ал Рудный қаласында оқушылардың 60 пайызы қазақ болғанымен, бар болғаны үш қазақ мектебі ғана жұмыс істейді. Қазақ ауылдарының жабылуы да осы білім беру инфрақұрылымының әлсіздігімен тығыз байланысты. Мысалы ретінде ол жақында су тасқыны кезінде аман қалған Тоқанай ауылын атап өтіп, облыс басшылығының әр елдімекенге қатысты терең талдау жасамайды», — деді тарихшы.
Тарихшы Рудныйдағы қазақ тіліндегі балабақшалардың жетіспеушілігіне де назар аударды. Қалада тек бір ғана таза қазақ балабақшасы бар, ал аралас балабақшалардағы қазақ топтары азшылық. Ата-аналардың жаңа қазақ топтарын ашу туралы өтініші әлі күнге дейін орындалмаған. Әмірхамзин бұл мәселе Рудный үшін аса өзекті болғандықтан, тіпті министрлік деңгейінде қаралуы тиіс деп есептейді.
Сонымен қатар, ол өңірдегі мәдени саясаттың әлсіздігін ескерткіштер арқылы да сипаттады. Қостанай – еліміздегі Абай ескерткіші жоқ жалғыз облыс орталығы, ал Рудныйда бірде-бір қазақ зиялысына арналған ескерткіш жоқ. Керісінше, қалада жақында Колобоктың ескерткіші орнатылғанын мысалға келтіріп, бұл шешімнің өңірдің рухани қажеттілігіне сай келмейтінін айтты. Сондай-ақ «Горняк» стадионының атауын жергілікті тұлғалардың атына өзгертуге билік те, бизнес те құлықсыз екенін атап өтті.
«Қазақстан халқы Ассамблеясы сынды ұйымдардың өңірдегі нақты мәселелер кезінде төбе көрсетпей, тек жиналыс өткізумен шектеледі. Тұрғындар салық төлеуші ретінде қаражаттың қайда жұмсалғанын талап етуге құқылы», — деді ол.



