Журналист Гүлбану Әбенова әлеуметтік желідегі парақшасында өнеркәсіптік альпинистерге қатысты айтылған қорқыту сөздеріне байланысты пікір білдірді. Ол мұндай әрекеттерді қылмыс деп санайтынын ашық айтты, деп хабарлайды qandastar.kz
Журналистің айтуынша, өнеркәсіптік альпинизм – ең қауіпті кәсіптердің бірі. Терезе жуу, қасбетті жөндеу сияқты күнделікті жұмыстардың өзі қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін.
«Өз жұмысын атқарып жүріп қаза тапқан адамдар болды», – деп жазды ол.
Ол сондай-ақ көрші елде болған оқиғаны еске түсірді. Есі дұрыс емес әйел өнеркәсіптік альпинистің арқанын кесіп, жұмысшының өліміне себеп болған жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырған еді.
«Осындай оқиғаларды біле отырып, альпинистердің арқанын “кесеміз” деп қорқытатын азаматтардың бар екеніне таң қаламын», – дейді журналист.
Оның пікірінше, мұндай әрекетке баратынын ашық айтатын адамдарда эмпатия да, жауапкершілік те жоқ.
Журналист биіктікте жұмыс істеп жүрген адамның – тірі адам, қауіпті жұмысты атқарып жүрген кәсіби маман екенін түсінбей, оны «кедергі келтірсе өшіре салатын робот» секілді қабылдайтындар бар екенін атап өтті.
«Ең сорақысы – олар өздерінің дұрыс екеніне сенімді. Қайшымен қол бұлғап, бейнежазбаға түсіріп, өзін ерлік жасағандай сезінеді», – деп жазды ол.



