Фейсбук әлеуметтік парақшасында Заңгер Абзал Құспан медицина қызметкерлерін Қылмыстық Кодекстегі арнайы субъектілер қатарына енгізу бастамасына қарсы екенін жазды, деп хабарлайды qandastar.kz
Оның айтуынша, бұл қадам қауіпті прецедент қалыптастырып, кейін педагогтар, әлеуметтік қызметкерлер, ХҚКО мамандары сияқты халықпен жұмыс істейтін өзге де санаттардың дәл сондай мәртебе талап етуіне жол ашуы мүмкін. Бұл өз кезегінде арнайы субъект ұғымын шамадан тыс кеңейтеді.
Заңгер дәрігерлерді құқық қорғау органдары қызметкерлерімен теңестірудің қисынсыз екенін атап өтті.
– «380-бап тарихи тұрғыдан мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолданып, қылмыстық ортаға қарсы әрекет жасайтын билік өкілдерін қорғауға бағытталған. Құқық қорғау органдары күнделікті қылмыстық ортаға тап болады — бұл жоғары тәуекел. Ал медицина қызметкерлерінің міндеті мүлде басқа: олар азаматтарға қызмет көрсетеді, ал пациенттер қылмыстық ортаның субъектілері емес», – деді ол.
Құспанның пікірінше, медицина қызметкерін полицеймен теңестіру қарапайым азаматты алдын ала әлеуетті құқық бұзушы ретінде қарастыруға әкеледі.
Ең алаңдатарлық мәселе ретінде заңгер пациенттің ауырсыну, стресс немесе үрей әсерімен эмоциялық айтылған сөздерін қылмысқа теңеудің қауіптілігін атады. Мұндай нормалар қылмыстық істердің артуына, тергеу органдарының жүктемесінің көбеюіне және дәрігер мен пациент арасындағы сенімнің әлсіреуіне алып келуі мүмкін екенін айтты.


