Қазақстанда бүгінгі таңда шамамен 208 мың адам арнайы мемлекеттік жәрдемақыға ие. Бұл төлемдер елге ерекше еңбек сіңіргендерге немесе түрлі төтенше оқиғалар салдарынан зардап шеккен азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шарасы ретінде қарастырылады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, аталған жәрдемақыларды қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен ай сайын 22,3 млрд теңге бағытталады, деп жазды qandastar.kz.
Арнайы мемлекеттік жәрдемақы алу құқығы төмендегі санаттарға беріледі:
– Екінші дүниежүзілік соғысқа немесе басқа мемлекеттердегі әскери қақтығыстарға қатысқан ардагерлер;
– ҰОС ардагерлеріне жеңілдіктері бойынша теңестірілген азаматтар;
– Қызмет бабында қаза тапқан әскери қызметшілердің жесірлері мен отбасылары;
– Тылда еңбек еткен азаматтар;
– Чернобыль атом электр станциясы апаты салдарын жоюға атсалысқандар;
– Саяси қуғын-сүргін құрбандары, сондай-ақ мүгедектігі бар немесе зейнетақы алатындар;
– «Халық қаһарманы» және «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарының иегерлері;
– Мемлекет алдында ерекше еңбегі үшін тағайындалатын зейнетақы алушылар.
Сонымен қатар мұндай төлемдерге Қазақстанда тұрақты тұратын шетел азаматтары және азаматтығы жоқ тұлғалар да өтініш бере алады.
Жәрдемақының көлемі азаматтың санатына байланысты есептеледі және 2,13 АЕК-тен 138,63 АЕК-ке дейін ауытқиды. 2025 жылғы АЕК мөлшеріне сәйкес, бұл шамамен 8375 теңгеден 545 мың теңгеге дейін. АЕК жыл сайын өзгеретіндіктен, арнайы төлемдердің көлемі де соған пропорционалды түрде өседі.
Егер азамат бірнеше санатқа бір уақытта сәйкес келсе, ол жәрдемақыны қай негіз бойынша қабылдайтынын өзі таңдай алады.
Арнайы төлемді алу үшін екі әдіс қолжетімді. Ол – eGov.kz порталы арқылы онлайн өтініш беру, Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, офлайн рәсімдеу.



