Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Егемен Қазақстан» газетінде мақала жариялады, деп жазады qandastar.kz
Мемлекеттік кеңесші «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлықты тарихи маңызды қадам деп атады.
Оның айтуынша, бұған дейін Қазақстанда ішкі саясаттың идеологиялық бағытын, мақсат-міндетін және ұйымдастырушылық аясын толық қамтитын біртұтас құжат болмаған. Тұжырымдаманы әзірлеу идеясы біраз уақыт бойы талқыланып келген. Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда сарапшылар мен қоғам қайраткерлері құжатты әзірлеу уақыт талабы екенін атап, оған қолдау көрсеткен.
Мемлекет басшысы ұсынысты қолдап, мәселені терең зерделеуді тапсырған. Нәтижесінде сарапшылар, Ұлттық құрылтай мүшелері мен ғылыми қауым өкілдері жарты жылдан астам бірлесіп жұмыс істеді.
— Бірлескен жұмыстың нәтижесінде мемлекеттік қағидаттар, жалпыұлттық құндылықтар және ішкі саясаттың негізгі бағыттары жүйеленді. Құжат қазіргі саясатты біртұтас жүйеге айналдырады. Бұл тұжырымдама мемлекеттік қызмет жүйесіне жаңа буын басшыларға көмекші құрал болады, — деді Ерлан Қарин.
Құжатта еліміздің ұлттық нышандары да айқындалған. Мәселен, шаңырақ — ұлттық бірліктің, домбыра — ұлттық музыкалық аспаптың, ал Абайдың «Қара сөздері» — ұлттық кітаптың нышаны ретінде белгіленген.
Сыншылар жаңа идеология жоқ деп пікір білдіргенімен, Ерлан Қарин бұл құжаттың негізгі мақсаты — азаматтарды біріктіретін жалпыға ортақ құндылықтарды бекіту екенін айтты.
— Ішкі саясат — мемлекеттің дамуы мен тұрақтылығының басты тірегі. Енді алғаш рет мемлекеттік деңгейде ішкі саясат ұғымы, оның мақсаттары, міндеттері мен бағыттары жүйелі түрде айқындалып бекітілді, — деп түйіндеді Ерлан Қарин.



