Қаржы пирамидасын ұйымдастыру ісі бойынша бес жылға сотталып, жазасының бір бөлігін өтеген Мейірхан Шерниязов төрт ай бұрын бостандыққа шыққан. Ол Руслан Өтепбайға берген сұхбатында қаржы махинациясына қалай тап болғанын және өзі де қалай алданғанын баяндады, деп жазады qandastar.kz
Мейірханның айтуынша, іс бойынша 12 адам айыпталғанымен, олардың біразын ол бұрын-соңды көрмеген.
– Бізді ұйымдасқан қылмыстық топ деп таныды. Бірақ кейбіреулерін түрмеде алғаш рет көрдім. Сонда ғана «бір ОПГ-да отырғанымызды» біліп таныстық, – дейді ол.
Оның сөзінше, бәрі 2020 жылы Әділет есімді азаматпен танысудан басталған. Әділеттің мейрамханасы мен бургер сататын орнын жүргізуге амбассадор қажет болыпты.
– Мейрамхана ашылмай тұрған, ғимарат жөнделіп жатқан. Біз бұрын ресторатор болған Русланды көмекке шақырдық. Көп ұзамай жан-жақтан маркетолог, заңгермін деген адамдар келе бастады. Мейрамхана мен бургерден бөлек, антисептик, қара зеренің жобалары қосылып, жеті-сегіз бизнес пайда болды, – дейді ол.
Осы уақытта Мейірхан «Астекс» компаниясы туралы алғаш рет естіген.
– Дін жолында болғандықтан депозитте ақша ұстамайтынмын. Әділет маған «Астекске» ақша салатынын, компания тендермен айналысып, ай сайын 20 пайызға дейін табыс беретінін айтты. 2020 жылдың 14 сәуірінде 9 миллион теңгемді салдым. Ай сайын 1,8 миллион теңге пайда көруім керек еді. Кейін көлігімді 9 миллионға бағалап тағы салдым. Осылайша алғашқы салымым 18 миллион болды. Жалпы тоғыз рет инвестиция салып, барлығы 40 миллион теңгеге жуық ақша құйдым. Қолма-қол да, аударыммен де салдым, тіпті көлігімді де бердім, – деп еске алады ол.



