“Астана–Алматы” рейсінде денсаулығына байланысты көмек қажет болған жолаушының белгілі журналист Гүлмира Әбіқай екені анықталды. Бұл жайында ол өз әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады, деп жазды qandastar.kz
Гүлмира Әбіқай әуеде орын алған жағдайды өзі баяндап, аяқ астынан қан қысымы көтерілген кезде қасынан табылып, алғашқы медициналық көмек көрсеткен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға ризашылығын жеткізді.
«Көпшілігі “қойылған сценарий шығар” деп күмәнданып жатыр. Бірақ бұл – шынайы оқиға. Дәл сол орында отырған – мен. Жедел көмектескен еліміздің бас дәрігеріне алғысым шексіз», – деп жазды ол.
Еске сала кетейік, кеше Астана–Алматы бағытындағы ұшақта жолаушы өзін нашар сезініп, оған бортта болған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бірінші болып көмек көрсеткені хабарланған еді.



