Жаңалықтар

Депутат дүрлікті: Ұлытауға зымыран тасығыштың сынығы құлады

Ұлытау облысында зымыран тасығыштың сынығы құлағаны туралы ақпаратты алғаш болып Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин жариялады, деп хабарлайды qandastar.kz

Ол әлеуметтік желіде оқиға орнынан түсірілген видеоны бөлісіп, жағдайдың қауіптілігіне назар аудартты.

Депутаттың айтуынша, тараған бейнежазбаларда құлаған зымыран сатысының елді мекенге тым жақын орналасқаны анық көрінеді.

«Желіде Ұлытау ауданында зымыран тасығыштың бірінші сатысы құлады деген ақпарат тарап жатыр. Маған да жерлестерім оқиға орнынан видеолар жіберді. Онда сынықтардың елді мекенге өте жақын түскені байқалады. Бұл – ұшу қауіпсіздігін өрескел бұзу», – деп жазды Сатыбалдин.

Аталған жағдайға ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі де жауап берді. Ведомствоның мәліметінше, құлаған «Союз МС-28» зымыранының сатыларын Қазақстан мен Ресей экологтары тексеріп шыққан.

«27 қараша күні Астана уақытымен 14:27-де «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Союз МС-28» пилотты кемесін алып ұшқан зымыран тасығыш сәтті ұшты. Оның бірінші сатысы Ұлытау облысындағы белгіленген аймақтарға құлады, елді мекендерден алыс жерде орналасқан. Тұрғындарға қауіп жоқ. Оқиға орнында «Роскосмос» өкілдері және Қазақстан мен Ресей экологтары жұмыс істеп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, қоршаған ортаға зиян келмеген», – деп жазылған.

Министрлік «Союз МС-28» зымыраны экологиялық тұрғыдан қауіпсіз саналатын керосин және сұйық оттегімен жұмыс істейтінін атап өтті. Құлаған бөлшектерде радиациялық, химиялық немесе биологиялық қауіп жоқ екені нақтыланды.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button