
Қазақстанға коронавирус пандемиясы кезіндегі шектеулерді қайта енгізуге негіз жоқ, деп жазады qandastar.kz Tengrinews.kz сілтеме жасап.
Министрліктің редакцияға берген жауабында соңғы деректеріне сәйкес, 2025 жылғы 1 қыркүйектен бері республикада 1 863 935 ЖРВИ жағдайы тіркелгенін хабарлаған.
Оның ішінде:
-
Астанада – 201 949 жағдай;
-
Алматыда – 222 047 жағдай;
-
Шымкентте – 132 422 жағдай;
-
Алматы облысында – 128 443 жағдай;
-
Жамбыл облысында – 124 457 жағдай;
-
Қарағанды облысында – 114 843 жағдай;
-
Түркістан облысында – 112 687 жағдай;
-
Павлодар облысында – 105 621 жағдай;
-
Қалған өңірлерде – 19 000-нан 99 062 жағдайға дейін.
«Эпидмаусым басталғалы бері елде зертханалық түрде расталған 1 253 тұмау жағдайы тіркелді. Оның ішінде А (H3N2) типіндегі гонконг тұмауы – 1 250 жағдай, А (H1N1) немесе шошқа тұмауы – 3 жағдай», – деп хабарлады министрлік.
Өңірлер бойынша:
-
Астанада – 120 жағдай;
-
Алматыда – 13 жағдай;
-
Шымкентте – 137 жағдай;
-
Қызылорда облысында – 131 жағдай;
-
Жетісу облысында – 130 жағдай;
-
Түркістан облысында – 128 жағдай;
-
Маңғыстау облысында – 123 жағдай;
-
Қалған аймақтарда – 15-тен 85-ке дейін.
Бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев эпидмаусым басталғалы Қазақстанда 2 миллион адам ауырғанын хабарлаған. Ресми дерек бойынша, елде жыл сайын 4 миллионға дейін ЖРВИ және 2 мыңға жуық тұмау жағдайы тіркеледі.
«Қазақстан аумағындағы ЖРВИ мен тұмауға қатысты эпидемиологиялық ахуал күз-қыс мезгіліне тән эпидемиологиялық процестің аясында дамып жатыр», – деді министрлік.
Қазіргі эпиджағдай Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан «бақыланатын» деп бағаланып отыр.
«Қоғамдық орындарда медициналық масканы міндетті түрде тағу қарастырылмаған. Дегенмен, эпидемиялық өршу кезінде халыққа адамдар көп жиналатын жерлерде медициналық маскаларды қолдануды ұсынамыз», – делінген хабарламада.
Яғни, маска тағу міндетті емес, бірақ қауіпсіздік үшін, әсіресе, халық көп жиналатын орындарда – сауда орталықтары, вокзалдар, әуежайлар және т.б. ұсынылады. Ал медициналық ұйымдарда 1 қазаннан бастап маска режимі енгізілген, себебі вирус жұғу ықтималдығы бұл жерде әлдеқайда жоғары.
Кодекстің талаптарына сәйкес, Қазақстанда шектеу шаралары эпиджағдай күрт нашарлаған кезде ғана енгізіледі. Шешімді бас мемлекеттік санитар дәрігер қабылдайды.
«Бүгінгі таңда пандемия кезіндегі ауқымды шектеулерге қайта оралуға негіз жоқ. Қазіргі ЖРВИ мен тұмауға қатысты эпидахуал 2020 жылғы пандемиялық жағдайдан айтарлықтай өзгеше», – деп мәлімдеді ведомство.
Министрлік төмендегі себептерді келтірді:
-
вирустар жақсы зерттелген, олардың маусымдылығы мен таралу жолдары белгілі;
-
тұмауға қарсы тиімді вакцина бар, ол халықтық иммунитет қалыптастырып, аурудың ауырлығын төмендетеді;
-
денсаулық сақтау жүйесіне түсетін салмақ басқарылатын деңгейде, уақытылы көмек көрсетуге мүмкіндік бар.
Бұл факторлар эпидахуалды тұрақты бақылауда ұстап, пандемиялық деңгейдегі шектеулердің қажет еместігін көрсетеді.
Халыққа келесі алдын ау шараларды сақтау ұсынылады:
-
тұмауға қарсы вакцинациядан уақытылы өту;
-
қолды жиі жуу және жеке гигиенаны сақтау;
-
үй-жайды жиі желдету және ылғалды тазалау жүргізу;
-
эпидөршу кезінде халық көп жиналатын жерден аулақ болу;
-
балалар ауырса, оларды мектепке немесе балабақшаға жібермеу.
Бұған дейін министрлік жұқтырған балалар санының артуына байланысты елдің әр өңірінде шамамен 250 мың оқушы қашықтан оқытуға ауыстырылғанын хабарлаған болатын.



