Жаңалықтар

«Сапаны күшейтеміз»: Әбенов жаңа құрылыс кодексінің артықшылықтарын айтты

ҚР Мәжіліс депутаты, Құрылыс кодексі бойынша жұмыс тобының жетекшісі Мұрат Әбенов Палата отырысында Кодекс қабылданар алдындағы баяндамасының толық нұсқасын жариялады. Оның айтуынша, жаңа Құрылыс кодексі ең алдымен құрылыс бизнесінің емес, азаматтардың мүддесін қорғауға бағытталған, сондай-ақ саладағы көп жыл жиналған жүйелі мәселелерді шешуге арналған, деп жазды qandastar.kz

Кодекс жобасы Мәжіліске түскеннен бастап қоғамда кең талқылауға түсті. Депутаттардың айтуынша, мыңдаған хат-хабарламалар мен әлеуметтік желідегі пікірлерді талдау барысында халықтың негізгі күткен талабы – құрылыс саласын реттеу ғана емес, күнделікті проблемаларын шешу.
Азаматтар сапасыз үйлер, сейсмикалық қауіптер, әлеуметтік нысандардың жетіспеушілігі, көлік инфрақұрылымының әлсіздігі, қала құрылысының тұрғындар пікірінсіз жүргізілуі туралы шағымдарын жеткізген.

«Құрылыс саласындағы негізгі жүйелі мәселелердің бірі сапа кепілдігінің тым қысқа болуы. Мәселен бұрын кепілдік мерзімі 10 жылдан 2 жылға дейін қысқарып, нәтижесінде сапа төмендеген. Азаматтар жаңа үйлердің 1-2 жылда бүлініп жатқанын айтып шағымданған. Екінші мәселе жобалардың 100%-ы мемлекеттік сараптамадан өтетін жүйе қысқарып, тек 14%-ы ғана тексерілетін болған. Пайдалануға қабылдау рәсімдері де барынша жеңілдетілген. Соның салдары ретінде қауіпсіздік оқиғалары жиілеген. Үшіншісі қала құрылысына азаматтардың қатысуының болмауы.

Бас жоспарлар әкім кабинеттерінде жабық түрде әзірленіп, жиі өзгертілетін. Тұрғындардың пікірін ескеретін ашық механизмдер болмаған», – дейді депутат.

Мұрат Әбеновтің айтуынша, Кодекс үш негізгі мақсатқа негізделген. Олар әр азамат үшін қолайлы, қауіпсіз орта қалыптастыру, қоғамның, мемлекеттің ұзақмерзімді дамуымен үйлестіру, салаға әділ талаптар мен бірдей стандарттар енгізу.

Осы мақсаттарға жету үшін қоғамдық талқылауды күшейту, мемлекеттік бақылауды қайта енгізу, сейсмикалық талаптарды қатаңдату және құрылыс процестерін цифрландыру қарастырылған.
Екінші оқылымда Кодекс Мәжілісте қабылданды. Енді құжат Сенат қарауына жолданады.

«Жаңа Кодексте қоғамдық пікірді ескеруді міндеттейді, мемлекеттік бақылауды қайта қалпына келтіреді, құрылыс сапасын күшейтеді», – дейді Мұрат Әбенов.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button