Жаңалықтар

122 млрд теңге желге ұшты: “Самұрық-Қазына” аудитінің нәтижесі

Жоғары аудиторлық палата “Самұрық-Қазына” Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ға және оның еншілес ұйымдарына жүргізген ауқымды тексерістің нәтижелерін жариялады, деп жазады qandastar.kz

Аудит елдің ең ірі мемлекеттік холдингінің активтерді басқару тиімділігіне терең талдау жасап, стратегиялық жоспарлаудан бастап қаржылық есепке дейінгі түрлі салалардағы жүйелі кемшіліктерді анықтады.

Тексеру барысында қордың корпоративтік орталық ретіндегі қызметі, “Қазатомпром”, Samruk-Kazyna Ondeu және бірқатар еншілес компаниялардың жұмысы қамтылды. Жалпы есептілікте 18 заңды тұлға бойынша деректер қарастырылған. Талдау Парламент депутаттары мен қоғам өкілдерінің сұраулары негізінде жүргізілді.

Аудит кезеңінде “Самұрық-Қазына” тобының экономикалық көрсеткіштері айтарлықтай ірі сандарды көрсетеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша қор тобының табысы – 16,5 трлн теңге, ал таза жиынтық пайда – 2,4 трлн теңге. Мемлекетке төленген жалпы сома 2,37 трлн теңгені құрады.

Оның ішінде:

  • 779,9 млрд теңге – дивидендтер
  • 1,6 трлн теңге – активтерді бәсекелі ортаға беру нәтижесіндегі төлемдер
  • 673 млрд теңге – Президент пен Үкіметтің тапсырмалары аясында бағыттаған.

Экономикалық тұрғыдан алғанда, бұл көрсеткіштер қордың ел бюджетіне елеулі үлес қосып отырғанын аңғартады. Алайда аудит нәтижесі қаржылық тиімділікке қарамастан, басқару жүйесінде елеулі олқылықтар бар екенін көрсетті.

“Самұрық-Қазына”-ның 2018-2021 жылдарға арналған трансформация бағдарламасы 8 компанияны шетелдік аналогтар деңгейіне жеткізуді көздеген болатын. Бірақ аудиторлардың мәліметінше, бұл мақсат орындалмаған. Бағдарламадан күтілген экономикалық тиімділік екі есеге жуық төмендеген: нақты пайда 154,5 млрд теңгені ғана құрады. Бұл жоспардағы көрсеткіштен едәуір аз.

Аудит қордағы басқару және ішкі үдерістердің жұмысын жан-жақты зерттеп, бірнеше маңызды кемшілікті анықтады. Жалпы 7 ақпараттық жүйенің тек 4-еуі ғана толыққанды жұмыс істейді. Басқарушылық есеп жүйесі – SAP BPC бұзушылықтармен жұмыс істейді. Кейбір компаниялар қаржылық есепті әлі де қолмен жүргізеді, бұл заманауи ірі холдинг үшін айтарлықтай артта қалушылық.

Қордағы ішкі құжаттардың шамамен 15%-ы мүлде қолданылмайды, қайта қарауды немесе жоюды қажет етеді. Бұл ретте нормативтік құжаттар жүйесінің реттелмегені анық байқалады.

Жұмыс алаңының тағы бір күрделі тұсы – басқару құрылымындағы комитеттердің белсенділігінің төмендігі. Директорлар кеңесінің жанындағы 5 комитеттің 3-еуі жұмыс істемейді. Басқарма жанындағы 7 комитеттің 2-еуі 2024 жылдан бері қызмет атқармаған. Мұндай жағдай стратегиялық жобалардың бақылаусыз қалуына және шешім қабылдау сапасының төмендеуіне алып келген.

Аудит нәтижесінде қордың жылдар бойы ауыр, көп деңгейлі құрылымға айналғаны анықталды.

  • Қор тобына кіретін компаниялар саны – 326;
  • Басқарудың 6 деңгейі бар;
  • 2020–2024 жылдары 23 компания ешқандай қызмет атқармаған;
  • 2024 жылы 41 компания зиянмен жұмыс істеген.

Бұл көрсеткіштер активтерді тиімді басқарудың әлсіз екенін айқын көрсетеді. Қорға құрылымдық оңтайландыру қажеттігі анық байқалады.

2020 жылдан 2024 жылдың 30 қыркүйегіне дейінгі кезеңде қор тобы 175 жобаның тек 49-ын ғана аяқтаған. Бұл – ірі ұлттық холдинг үшін өте төмен көрсеткіш. Аудиторлар инвестициялық жобаларды бақылау мен мониторингтің әлсіз екенін атап өтті.

Аудит барысында келесі заңбұзушылықтар анықталды:

  • 351,8 млн теңге – тікелей қаржылық бұзушылықтар;
  • 122,2 млрд теңге – тиімсіз жоспарлау және тиімсіз пайдаланылған қаражат;
  • 119 жүйелі кемшілік – холдингті басқарудағы негізгі проблемалар.

Материалдардың бір бөлігі әкімшілік іс қозғау үшін жолданды, ал жекелеген фактілер бойынша құжаттар құқық қорғау органдарына тапсырылды.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button