
Шымкенттен шыққан Ролан Анатолы шамамен 8 мың шақырымды велосипедпен еңсеріп, қасиетті Мәдина шаһарына жетті. Stan.kz таратқан ақпаратқа сүйенген Sn.kz порталының хабарлауынша, жолаушы өзінің сапарын Қазақстаннан бастап, оны 44 күнде тәмамдаған, деп жазды qandastar.kz
Саяхат барысында ол Қазақстан, Ресей, Грузия, Армения, Иран, БАӘ, Катар және Сауд Арабиясы аумақтарынан өткен. Ираннан Әмірліктерге дейінгі теңіз бөлігін Ролан паром арқылы жүріп өткен.
Жас саяхатшы күн сайын әлеуметтік желідегі парақшасына видео жүктеп, жолдағы әсерлерімен бөлісіп отыр. Ол әлі де сапарын жалғастырып жатыр, себебі негізгі мақсаты — Меккедегі Қағбаға жету.
Бейнежазбалардың бірінде Ролан Меккеге жақындаған тұста полиция қызметкерлері оны тоқтатып, қаланың ішіне велосипедпен кіруге рұқсат бермегенін айтады. Бұл жағдайды көріп қалған Умра турларын ұйымдастыратын демеуші компаниялардың бірі Сауд Арабиясының құқық қорғау органдарымен байланысып, Роланның қажылық мақсатында келе жатқанын түсіндіреді. Кейін компания оның алдынан көлік жіберіп, жас саяхатшы сапарын Мәдинадан жалғастырады. Оған қосымша бірнеше күн демалу үшін қонақүй бөлмесі де ұсынылған.
Роланның жолдағы бейнелерінен түрлі елдердің адамдары оны тоқтатып, қызығушылықпен сұрақ қойып, қолдау білдіргенін көруге болады. Кейбірі су, тағам ұсынып, қолына құрма мен жүзім ұстатып, жылы сөздерін жеткізген.



