Әлеуметтік желіде жеке кәсіпкерден сыйға қошқар алған танымал имам Нұрлан Байжігітұлының видеосы қызу талқыға түсті, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Шаруа қожалықтың басшысы Қуаныш Мықтыбаев Астанадағы «Ырыскелді қажы» атындағы мешіттің бас имамына «Байсары» қошқары мен 10 саулық қойды сыйға тартты.
«Қаны өте мықты қошқар. Құдай қаласа, өте жақсы ұрықтар беріледі. Қазіргі мода осы болып жатыр ғой. Қой әлеміне келгеніңізге өте қуаныштымыз», — деп атап өтті кәсіпкер.
Өз кезегінде Нұрлан Байжігітұлы ізгі тілегін айтып, бата берді.
«Құрметті, қазақ елі! Кәсіптің ең адалы да, маңдай тер талап еткені де еңбекпенен үздіксіз тілеуді, берекені алып келуге себеп болғаны осы – мал шаруашылығы, соның ішінде қой шаруашылығы. Әр қазақ кәсіпке, адал еңбекке құмар болса, жақсы болады», — деп атап өтті имам.
Желі қолданушылары «байыса, қазақ байысын», «бұйырсын Нұреке», «расында қойда береке бар» деп қолдауларын білдіріп жатыр.



