Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылында болған ірі өрттен зардап шеккен қыз бала қайтыс болды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Дәрігерлердің айтуынша, медицина қызметкерлері баланың өмірін сақтап қалу үшін барынша күрескен.
Алайда 30 қарашада 2018 жылғы науқас көз жұмды.
«Көрсетілген интенсивті терапияға, бейінді мамандардың (соның ішінде республикалық санитарлық авиацияның 4-деңгей мамандарының) кеңестеріне, реанимациялық және дезинтоксикациялық шаралардың толық кешеніне қарамастан, орталық жүйке жүйесінің ауыр зақымынан пациентті аман алып қалу мүмкін болмады», — делінген мәлімдемеде.
Қыздың денесі туған ауылына жеткізіліп, бүгін жерлеу рәсімі өтті.
Естеріңізге сала кетейік, қайғылы оқиға 18 қараша таңертең болған. Көршілерінің айтуынша, бір күн бұрын үйде шағын отбасылық жиын өткен, туыстары қонаққа келген. Жалын кенеттен тұтанып, бүкіл ғимаратты тез шарпыған.
Қайғылы оқиғадан 12 адам көз жұмды, 3-еуі ауруханаға жеткізілген болатын.
Өрттің себебі анықталып жатыр.



