Жаңалықтар

Алғабастағы қайғылы оқиға: өрттен зардап шеккен 7 жасар қыз екі аптадан кейін қайтыс болды

Оңтүстік Қазақстанда болған алапат өрттен ауыр жарақат алған жеті жасар қыз бала екі апта өмір үшін күрескенімен көз жұмды, деп хабарлайды qandastar.kz сайты Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.

Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2018 жылы туған науқас 30 қараша күні ауыр жағдайға байланысты қайтыс болды. Ол Жетісай ауданындағы өрттен кейін өте ауыр халде ауруханаға жеткізілген.

«Интенсивті терапия, салалық мамандардың консультациясы, реанимациялық және детоксикациялық шаралардың толық көлемде жүргізілуіне қарамастан, науқастыің өмірін аман алып қалу мүмкін болмады», – делінген ведомство таратқан хабарламада.

Басқарма қыздың жақындарына қайғыра көңіл айтты.

Айта кетсек, өрт екі қабатты жеке тұрғын үйде болған. Қайғылы жағдай салдарынан 12 адам, оның ішінде 9 бала қаза тапты. Тағы үш адам – екі ересек және бір бала ауруханаға жеткізілді.

Оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі («Екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу») бойынша тергеу басталды. Өрттің нақты себебі анықталуда. Алдын ала болжам бойынша, өртке ақаулы электр ұзартып-қосқыш себеп болуы мүмкін.

Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен арнайы үкіметтік комиссия құрылған болатын. Әкімдік өрттен қаза тапқандардың туыстарына медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіліп жатқанын, сондай-ақ жерлеу рәсіміне қолдау ұйымдастырылғанын хабарлады.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button