Жаңалықтар
Танымал банктің жабылып қалуынан қазақстандықтар зардап шеге ме?
Ресейдің Орталық банкі (Банк России) Киви банкті «шектеулерді айналып өту талаптары және көптеген бұзушылықтары» үшін лицензиясынан айырды.
Салдарынан, бұл Ресей тұрғындары, ішінара қазақстандықтар арасында үлкен дүрбелең туғызуда. Өйткені Qiwi-әмияндар, Contact арқылы аударымдар бұғатталып қалды. Солтүстік көршідегі оның барлық офистері жаппай жабылды. Кивидің мобильді банкі де жұмыс істеуін доғарды. Клиенттер өздерінің виртуалды әмияндарын не толтыра алмай, не ондағы қаражаттарын шешіп ала алмай, дағдаруда.
Кәсіпкер, инвестор Александр Столыпиннің түсіндіруінше, ресейліктер Киви сервистерін ақша аударымдарын алу, құзырлы құрылымдардан жасырын криптовалюталар және басқа да активтер сатып алу үшін пайдаланатын.
Сондықтан кәсіби форумдарда сауалнамаға жауап берген сарапшылардың және пайдаланушылардың 61,3%-ы «Qiwi-банктің жабылуының шын себебі» ретінде «Ресейден ақша шығарудың бақыланбайтын жолына тосқауыл қою талабын» атады. Тағы 37,14%-ы Ресейдің банк секторында активтерді қайта бөліс басталды деп санайды. 5,71%-ы «Крипторубльді енгізуге дайындық жасалуда» деген байлам жасады. Тек 28%-ы ғана ресми себептерге сенеді.
Ресей Орталық банкі лицензияны кері алуға аталған қаржылық ұйымның банк қызметін реттейтін федералдық заңдарды бұзуы себеп болды деп, қысқаша қайырды.
«Бұл банк экономиканың нақты секторының елеулі кредиторы болып табылмайды. Киви банктің қызметін тоқтату азаматтардың, кәсіпкерлердің және заңды тұлғалардың есеп айырысу, аударым жасау, соның ішінде шот ашпай ақша аудару мүмкіндіктеріне айтарлықтай ықпал етпейді. Олардың бәрін өзге кредиттік ұйымдар мен төлем жүйелері арқылы жүзеге асыруға болады», – деп түсініктеме берді Ресейдің Ұлттық банкі.
Отанын тәрк етіп, шетелге қоныс аударған ресейліктерге көмектесіп келген банкті бақылауға көндіру үшін Мәскеу былтырдан бірталай талаптанды. Кейінгі 12 айда 5 рет шара қабылдаған, соның ішінде екі рет жекелеген операцияларды іске асыруына шектеу қойды. Алайда Киви банк айтқанға еріп, айдағанға жүрмепті.
Бұл «қиқарлықты» Ресей банкі «тәуекелдерді төмендету үшін пәрменді шара қабылдамады және тәуекелділігі жоғары операцияларды жүзеге асыруын жалғастырды» деп бағалады. Қаржылық реттеуші «Киви банк экстремизмді, терроризмді қаржыландыру, қылмыстық жолмен алынған табыстарды заңдастыру саласындағы федералдық заңнама талаптарын жүйелі бұзуға жол берді» деп отыр.
Бірақ Ресейде Facebook, Instagram, ЛГБТ қозғалысы және басқалары да «тыйым салынған экстремистік ұйымдар» ретінде танылған.
«Бұл банктің қызметі жеке тұлғалар мен көлеңкелі бинес арасындағы есептесулерді қамтамасыз етуге бағытталған жоғары тәуекелді операциялар жүргізуге тартылды. Соның ішінде ол криптоайырбастау арқылы ақша аударымдарын жүргізді. Заңсыз онлайн-казино, букмекерлік кеңселерге сол арқылы ақша аударылды. Сондай-ақ ол ресейліктерге реттеуші енгізетін шектеулерді айналып өтудің жаңа тәсілдерін іздеуге септесті», – деп айыптады Ресей Орталық банкі.